Франция елшілігі Қазақ елін Тәуелсіздік күнімен ерекше құттықтады

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Франция елшілігі қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, фейсбуктегі парақшасына видеожолдауды жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеода елшілік қызметкерлері қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен бірыңғай қазақ тілінде құттықтап жатқанын көруге болады. Құттықтау видеода Францияның Қазақстандағы Төтенше жəне Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ жүрекжарды лебізін білдіре келе жақында ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы да атап өтеді.

 «Жақында ғана Президент Назарбаевтың қазақтың ұлы тарихы жайлы мақаласы жарияланды. Ол мақалада Президент ұлттық тарихты жеке емес, біртұтас қалпында ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеу керек деді», - дейді Филипп Мартинэ.

Елшілік қызметкерлері болашаққа нық қадам басып, бүгінгіні барынша бағалау үшін, өткен күннің қуанышты сәттері мен қасіретін ұмытпау керектігін айтады.

«Меніңше, Қазақстанды бірегей етіп тұрған - оның әртүрлілігі. Қазақстанның мәдениеті мен әдебиеті, өнері, халқы, тіпті табиғаты да әртүрлі. Көпұлтты Қазақстанды Еуропаға да, Азияға да жатқызуға болады. Бұл Қазақстанның өте бай екенінің дәлелі. Сіздер үшін ең маңызды күн - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз», - дейді елші.

Еске сала кетсек, қазақ тіліндегі жүрекжарды тілегін айтып, мемлекеттік тілімізге құрметін Франция елшісі бұрын да көрсеткен еді. Филипп Мартинэ бұған дейін Түркістан қаласынан қазақ тілінде репортаж жүргізген болатын.

Соңғы жаңалықтар