Франция бизнесмендері СҚО-ға келіп, кәсіп ашпақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Франциялық кәсіпкерлер СҚО-ға 200 млн еуро инвестиция құюға әзір, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңір басшысы Құмар Ақсақалов Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинемен кездесу өткізді. Жиынға Францияның бір топ кәсіпкерлері қатысты.

Франция елшісі Филипп Мартине облыс басшылығына қонақжайлық танытқанына алғысын білдірді. Француз кәсіпкерлері жиында өздерінің жобаларын ұсынды. Кәсіпкер Патрик Хоффман өңірде еуропалық талаптарға сай шошқа кешенін салуға дайын екендігін мәлімдеді. Инвестиция көлемі 200 млн еуроны құрамақ. 1000 адамға жұмыс орны ашылады. Бизнесмен Ресей Федерациясының Липецк қаласында шошқа шаруашылығын дамытып жатыр. Етті Қытайға экспорттайды. Компанияның жылдық табысы 50 млн доллардан асып жығылады.
null

«Жобаны іске асыру үшін біздің кешен 100 мың тонна бидай сақтай алатын элеватордың маңында болуы тиіс. Сондай-ақ, 10 мың га жер мен 10 мВт электр қуаты қажет. Сіздердің тараптарыңыздан инфрақұрылымды дамытуға көмек болса жобаны осы облыста ашуға болады», - компанияның коммерциялық директоры Антуан Менделовичи.

Өңір басшысы аталмыш жобаның жүзеге асуына барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Солтүстік Қазақстан облысы бұл жобаны жүзеге асыруға өте қолайлы мекен. Біз үлкен қызығушылық танытып отырмыз. Ел бойынша ауыл шаруашылығы саласына ең көп инвестиция құятын біздің өңір. Франциялық кәсіпкерлерге барынша көмек көрсетеміз», - деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, Қазақстанға инвестиция құюдан Франция қазір бесінші орында тұр және бұл мемлекеттің үлесі жыл сайын артып келеді.

Соңғы жаңалықтар