Франция 12 жастан асқан балаларға вакцина сала бастайды

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Француз үкіметі 15 маусымнан бастап 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар коронавирусқа қарсы вакцина ала алатынын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Франция президенті Эммануэль Макрон жасөспірімдерді вакциналау туралы шешім қабылданғанын сәрсенбі күні таңертең болған қорғаныс кеңесінің отырысы кезінде атап өтті.

«15 маусымға қарай біз 30 млн адамға екпе егеміз. Сондықтан да бүгін таңертең 15 маусымнан бастап жасөспірімдерді вакциналау туралы шешім қабылдадық», - деді Э. Макрон.

Ол ересек француздардың 50%-ы вакцинаның алғашқы дозасын алғанын айтты.

Бірақ елдің кейбір бөлігінде вирустың бұрынғыша таралып жатқанын айта келіп, француздарды сақ болуға шақырды.

Жалпы алғанда, Францияда вакцинация кампаниясы басталғаннан бері 26,1 миллион адам вакцинаның кем дегенде бір инъекциясын алды (халықтың жалпы санының 39,1%-ы), оның ішінде 11,2 миллион адам екінші дозасын алды (халықтың жалпы санының 16,7%-ы).

Германия бұған дейін Pfizer/ВioNTech вакцинасы осы жас тобы бойынша Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігінің (EMA) мақұлдауын алған жағдайда, 7 маусымнан бастап 12 жастан асқан балалар мен ересектерге вакцина егетінін мәлімдеген.

Өткен аптада Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі 12 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға вакцинаның қауіпсіз екенін мәлім етті.

Осылайша, Pfizer осы жас санатына мақұлданған алғашқы вакцина болып отыр.

Дүйсенбі күні Еуропалық комиссия да коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын 12 және одан үлкен жастағы балаларға пайдалануға келісімін берді.

Бельгия Денсаулық сақтау жоғарғы кеңесі 16-17 жастағы жастарға 20 мамырдан бастап коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға кеңес берді.

Бұл жас санатында қауіп-қатер тобындағы науқастар ауырлататын жағдайлары бар ересек науқастар сияқты тезірек екпе алады.


Соңғы жаңалықтар