ФОТОРЕПОРТАЖ: Dubai airshow-2015 авиациялық көрмесі

None
None
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Осы күндері Дубайда Dubai airshow-2015 авиациялық көрмесі өтіп жатыр. Халықаралық әуе салоны әлемдік азаматтық және әскери әуе өнеркәсібіндегі негізгі оқиғалардың бірі болып табылады, көрме екі жылда бір рет өткізіледі. Кешеннің көрме ауданы 645 мың шаршы метрді құрап отыр.

Біздің БАӘ-дегі арнайы тілшіміз көрмеге барып, оқырмандарымыздың назарына арнайы фоторепортажды ұсынып отыр.

Dubai airshow-2015 Дубайдың жаңа әуежайы - «Dubai world central» (DWC) аумағында орналасқан. Аталған терминал әмірлік қаласының оңтүстік бөлігінде орналасып, «Дубай Марина», «Пальм джумейра», «Джумейра лейк тауэрс» туристік аудандарының тұрғындары үшін қолайлылық туғызып отыр. Бұдан басқа, DWC-дан ел астанасы Әбу-Дабиге шығу оңай. Көлікпен бір сағаттан аса уақыт жүресіз.

Шараға Біріккен Араб Әмірліктері басшылығының қатысуы оған жоғары дәреже беріп отыр. Dubai Airshow көрмесін дәстүр бойынша БАӘ Қарулы күштерінің Жоғары бас қолбасшысының орынбасары, Әбу-Даби әмірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Мохаммед бин Зайед Әл Нахайян мен елдің Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің басшысы шейх Мохаммед бин Рәшид Әл Мақтұм ашты.

Биылғы жылы көрменің ұйымдастырушылары әскери авиацияға үлкен көңіл бөлді, бұл Таяу Шығыстағы аймақтық шиеленіс кезеңінде түсінікті жағдай болып отыр. БАӘ-нің әскери-әуе күштері Сирия, Ирак және Йемендегі халықаралық іс-қимылдарға қатысып отыр. Кейбір мәліметтер бойынша, әмірліктің жойғыш ұшақтары «Ислам мемлекетінің» Синай түбегіндегі және Ливиядағы позицияларына жасалып жүрген шабуылдарға да қатысуда.

Әмірлік билігі заманауи қаруларды жетекші әлемдік өндірушілерден сатып алуда.

Көрмеге ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов басқарған делегация келіп жетті. Қазақстан өкілі Әбу-Даби әмірлігінің мұрагер ханзадасы, БАӘ ӘК бас қолбасшысының орынбасары шейх Мохаммед бен Заид Әл Нахайянмен кездесті.

ҚР Қорғаныс ведомствосының басшысы алдағы уақытта Астанада өтетін «KADEX - 2016» Халықаралық қарулану, әскери техника және әскери-техникалық мүлік көрмесі тақырыбына да тоқталып өтіп, Әмірлік басшылығын Қазақстанға шақырды.

Соңғы жаңалықтар