Фоторепортаж: Алматылықтар ПТР-тест тапсыруға және дәріханаға ұзын кезекте тұр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бірнеше күннен бері Алматыда коронавирусқа тест жасау пунктері мен дәріханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды. Тұрғындар вирусқа қарсы препараттардың жоқтығын айтып шағымдануда. Осы орайда, «ҚазАқпарат» ХАА тілшілері қаладағы жағдайды бақылап қайтты.

Тұрғындар іздеген дәрілерін алу үшін Алматының басқа ауданынан орталық дәріханаға бет алған. Ұзын-сонар кезек дәл осы жерде пайда болды.

«Мұндай кезек кеңестік уақытты еске түреді. Сол кезде адамдар нан немесе шұжық алу үшін осылай жиналатын», - деп еске алды екі сағат бойы кезекте тұрған алматылықтар.

Дәріхана ғимаратының кіреберісінде бірнеше күзетші тұр. Олар келушілерде масканың болуы мен арақашықтықтың сақталуын ғана қадағалап тұрған жоқ. Сонымен қатар, қай дәрі-дәрмек бар, қайсысы жоқ екенін айтуда. Десекте, кезекте тұрғандар әлеуметтік арақашықтықты толықтай сақтап тұр деуге келмейді.


«Қағаз бен қаламсап бар, қандай дәрі-дәрмек керек екенін сонда жазып күзетші жігіттерге береміз. Олар ар жағынан біліп береді. Бұл дұрыс ойлап табылған нәрсе екен. Өзіңе қажетті дәрі болса ғана кезекке тұрасың»,– дейді қала тұрғыны.

Тілшілерді дәріханаға кіргізбеді. Әкімшілік барлық дәрі-дәрмектің жеткілікті екенін және қызметкерлер күшейтілген режимде қызмет көрсетіп жатқанын айтып, қысқа қайырды.

Екінші дәріханадағылар қызу түсіретін препарат - парацетамолдың таусылғанына бес күн болғанын тілге тиек етті.


ПТР-тестілеудің мобильді орталықтарында да ұзын-сонар кезек. Қалада бүгін ондай 2 орталық бар: жаяу жүргіншілер үшін «Нұрлы Тау» бизнес орталығының аумағында, автокөлік жүргізушілері үшін «Halyk Arena» аумағында орналасқан.

Қазір «Олимп» клиникаларында ПТР-тест жүргізу уақытша тоқтатылды.

«Менің кезекте тұрғаныма екі сағат болды. Жұмыстан жіберді. Ештеңе толтырғаным жоқ. Барлығын осы жерден жазады», - деді жүргізушілердің бірі.


«Біздің тұрғанымызға 1,5 сағат болды. Кеше анам Түркиядан ұшып келген сол үшін ПТР-тест тапсырайық деп тұрмыз.Алдын ала жазылайық десек, сайттары жұмыс істемейді. Ешкім жауап бермейді. Қазір зертханалардың ешқайсысы қабылдап жатқан жоқ. Сондықтан осында келдік», - деді тағы бір алматылық.

Өз кезегінде, Clinic MPK клиникасы қызметкерлері енді анкетаны алдын ала толтырудың қажеті жоқ екенін айтты. Бағасы сол қалпында 15 500 теңге.

Бұған дейін, Кореялық зертхана реагенттердің Қазақстанға неліктен жеткізілмей жатқанын түсіндірлген болатын.

Сондай-ақ, «Ұлттық сараптама орталығы» АҚ коронавирусқа ақылы түрде ПТР-тест жасау қызметін тоқтатқаны туралы айтты.

Сонымен қатар, мамандар тұрғындарды вирусқа қарсы препараттарды көп мөлшерде сатып алмауға шақырды.


Соңғы жаңалықтар