Форт-Шевченко қаласында өткен ғасырдан бері алғаш рет кинотеатр ашылды

Фото: None
ФОРТ-ШЕВЧЕНКО. ҚазАқпарат - Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласында киноиндустрия саласының өрісін кеңейту мақсатында ұзақ жылдарға созылған үзілістен кейін заманауи кинотеатр ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, кинотеатрды ашқан кәсіпкер 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Кинотеатр залында бір мезетте 200-ге жуық адам кино көре алады.

Салтанатты шараға Форт-Шевченко қаласының тұрғындары, ардагерлер мен жастар қатысты.

Жиында аудан әкімі Рахат Елтизаров халыққа мәдени рухани демалыс сыйлауға қызмет ететін нысанның ашылуымен құттықтап, кинотеатр жұмысына сәттілік тіледі.

Жаңа кинотеатр лентасын Түпқараған ауданының құрметті азаматы Аманғали Күзембаев пен кино саласының ардагері Фабиян Жолдыбаева кесті.

Кинотеатр ғимаратында кино залынан бөлек тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Тамақтанатын орын мен күту залы да қарастырылған.

Кинотеатрдың ашылу салтанатында биыл жарық көрген «1941 жылдың жазы» фильмі тегін көрсетіліп, кинотеатр қонақтарына сусын таратылды.

Айта кетсек, Форт-Шевченко қаласында 1954 жылы «Заря Манглишлака» атты кинотеатр болған. Бірақ оның қашан жабылып қалғаны белгісіз.


Соңғы жаңалықтар