FlyArystan Қарағанды әуежайынан база ашады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - FlyArystan отандық лоукостері Қарағанды әуежайында база ашады, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ол компанияның еліміздегі екінші базасы болмақ. Біріншісі Алматыда жұмыс істейді.

Әуе компаниясының ұшақтары Қарағандыда, «Сарыарқа» әуежайында орналасады. Бұл дегеніміз, облыс орталығынан әртүрлі бағыттар бойынша, соның ішінде халықаралық бағыттарда 12 рейс іске қосылады дегенді білдіреді. Әуе кемесіне қызмет көрсету және жанармай құю да Қарағанды әуежайының базасында жүзеге асырылады.

«Біз базаны 2020 жылдың бірінші жартысында ашуды жоспарлап отырмыз. Бастапқыда онда әрқайсысы эконом-класты 180 орынға арналған екі борт орналасады. Маршруттар әлі анықталған жоқ. Бағыттарды қарағандылықтардың тілектерін ескере отырып таңдағымыз келеді. Ұсыныстарды зерттеу үшін Instagram-да арнайы аккаунт ашамыз», - деді Air Astana АҚ қаржы жөніндегі басқарушы директоры Ибрагим Жаңлыел.

Оның айтуынша, базаның ашылуы Қарағандыда 120 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Әуе компаниясы бортсеріктерді, ұшқыштарды, инженерлер мен жердегі қызмет көрсету қызметкерлерін қабылдайды.
Қазір Қарағанды әуежайында ангарлар жөнделеді және лоукостер базасын орналастыруға дайындық бойынша басқа да техникалық жұмыстар жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыдан FlyArystan әуе компаниясының алғашқы рейсі осы жылдың екінші мамырында жүзеге асырылды. Қазір әуе кемелері Қарағандыдан Алматыға және кері қарай күнделікті ұшып отырады. Билеттің ең төменгі бағасы – 5 999 теңге. Бұл сомаға ұшу және қол жүгін тасымалдау кіреді. Қосымша ақы үшін жолаушыларға бортта тамақ, багаж тасымалдау және басқа да қызметтер ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар