FlyArystan әуе компаниясы 12 күнде 16 мыңға тарта билет сатқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр FlyArystan отандық лоукостерінің қызметі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде FlyArystan атауымен мәлім жаңа бюджеттік әуе компаниясы 12 күнде 16 мыңға тарта билет сатып үлгерді. Аталған компанияның қызметіне сұраныс өте жоғары», - деді министр.

Оның пайымдауынша, 1 мамырдан бастап биылғы жылдың соңына дейін FlyArystan 1 миллионға жуық жолаушыны тасымалдауы мүмкін.

«Билет құны ұлттық әуе тасымалдаушылармен салыстырғанда кем дегенде екі есеге арзан. Эксперимент түрінде Азаматтық авиация комитетінің төрағасы менің көзімше Нұр-Сұлтаннан Алматыға және кері бағытта электрондық форматта 15 мың теңгеге билет сатып алды», - деді Р. Скляр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанның бірінші лоукостері FlyArystan компаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасындағы тұрақты байланысты 1 мамырда ашады. Қос қала арасындағы күнделікті әуе қатынасын сыйымдылығы 180 орындық, заманауи реактивті Airbus A320 ұшақтары қамтамасыз етеді. Бір жаққа билет құны әуежай алымдарымен қоса есептегенде 6999 теңгеден басталады.

Соңғы жаңалықтар