FlyArystan 2022 жылы жолаушылар санын 4 миллионға жеткізуді көздеп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - FlyArystan әуе компаниясы 2022 жылы 4 млн адамға дейін жолаушы тасымалдайтын болады. Бұл туралы аталған әуе компаниясының маркетинг және сату бөлімінің директоры Жанар Жайлауова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгіннен бастап Қазақстан ішінде 6 бағыт бойынша әуе рейстері ұшырыла бастады. Рейстер санын көбейту үшін өңірлердегі әуежайларға хат жолдап жатырмыз. Бізде қазір небәрі 2 ұшақ әуе рейстерін орындап жатыр, қыркүйек айында тағы бір ұшақ қосылады. Сондықтан қай өңірдің әуежайы өтінім береді, сол бағытқа қарай рейс ашылады. Ал жолаушылардың санына келсек, биыл жоспар бойынша FlyArystan әуе компаниясының қызметін қолданушылардың саны 700 мың адам болады деп белгілеп отырмыз. Келесі 2020 жылы 2,5 млн адам, ал 2022 жылы 4 млн адамға жеткіземіз», - деді Ж.Жайлауова.

FlyArystan әуе компаниясы өкілінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 45 мыңға жуық билет сатылды және олардың 85% «багажсыз» тарифтер құрайды.

«Бүгінгі 180 орындық Airbus A320 ұшағымен Алматыдан Нұр-Сұлтан әуежайына алғашқы рейс сәтті орындалды. Ұшақта сапалы қызмет көрсетіледі және билет бағасы да қолжетімді. Сонымен қатар FlyArystan әуе кемесінің бортында жаңа Recaro 3530 SLIM былғарымен қапталған, 70 см-ден 82 см-ге дейін қозғалатын орындықтар орнатылған. Одан бөлек, 2020-2021 жылдары жақын шет елдерде әуе қатынасын жүзеге асыру жоспарымызда бар. Атап айтқанда, Ресей, Грузия, Өзбекстан және тағы басқа елдер», - дейді бөлім басшысы.

Айта кетейік, бүгін FlyArystan әуе компаниясының алғашқы әуе рейсі Алматы қаласынан елордаға ұшып келді.

Соңғы жаңалықтар