Fitch Ratings «Қазақтелекомның» кредиттік рейтингін растады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі «Қазақтелеком» АҚ-ның кредиттік рейтингін ВВВ деңгейінде - (болжам «Тұрақты») растады.

Сарапшылар компаниялар тобының тұрақты нарықтық позицияларын, қиындықтарға қарамастан көрсеткен үздік нәтижелерін ерекше атайды.

Fitch Ratings сарапшыларының пікірінше, «Қазақтелеком» АҚ-ның дамыған желілік инфрақұрылымының мүмкіндіктері зор. Ірі телеком-оператордың несиелік қабілетінің жоғары бағалануына компанияның телекоммуникация нарығының барлық сегменттеріндегі көшбасшылық жағдайы себеп болған. 2021 жылы тіркелген телефония абоненттері бойынша компанияның үлесі 93%, тіркелген кең жолақты интернетке қолжетімділік 71%, мобильді және ақылы теледидар сегментінде тиісінше 59% және 37% құрады, яғни телеком оператордың кірісі нарықтың 60% - дан астам үлесіне ие деген сөз.

«Fitch Ratings есебі беделді халықаралық құрылымдардың компания ұстанымдарына берілген екінші оң баға», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Бас қаржы директоры Людмила Атамұратова.

Қарашада «Қазақтелеком» АҚ биылғы 9 айдағы қызметінің оң нәтижелерін жариялады.

Fitch Ratings сарапшыларының пікірінше, компания 2021 жылы да, 2022 жылдың өткен кезеңдерінде де тамаша нәтижелер көрсетті.

Топтың шоғырландырылған кірісі 9,8% - ға өсті, ал агенттіктің әдістемесі бойынша есептелген EBITDA көрсеткіші талдаушылардың есебіне сәйкес 43% - дан жоғары деңгейде болады.

Қазақтелеком өсіміне компания тобына кіретін мобильді операторлар – «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС елеулі үлес қосады.

Айта кету керек, Fitch Ratings «Қазақтелеком» АҚ-ның мықты нарықтық позициялары нидерландтық Royal KPN N. V. (KPN; BBB/Stable) және британдық BT Group (BT; BBB/Stable) сияқты еуропалық операторларға, сондай-ақ Түрік операторы Turk telekomunikasyon A.S. (TT; B/Negative) көрсеткіштеріне ұқсас екенін атап өтті. Бұл ретте, Turk Telekomunikasyon A.S.-ден айырмашылығы, «Қазақтелеком» валюталық тәуекелге ұшырамайды.

«Қазақтелеком» АҚ-ның еншілес компаниясы – «Кселл» АҚ – ның кредиттік рейтингі, агенттіктің пікірінше, бас компания – «Қазақтелеком» АҚ-мен байланыста болғандықтан ұтып тұр, яғни Fitch Ratings сарапшылары әуелгі «ВВ+» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты».


Соңғы жаңалықтар