Фируза Шәріпованың Куценкоға қарсы реваншы өтпейтін болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық бокс федерациясының (IBO) тұжырымы бойынша екінші жартылай салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Фируза Шәріпованың ресейлік Юлия Куценкомен реваншы өтпейтін болды. Бұл туралы Ф.Шәріпова Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, 16 маусымдағы айқасым өтпейтін болды. Себеп - қаржыландырудың болмауы. Осынау ірі шара барысындағы әрі осындай маңызды титулдар үшін жекпе-жектің кезекті рет өтпей қалуы өте өкінішті. Бізге бірнеше нұсқа бойынша әлем чемпионының белдіктерін санкциялау үшін қаржылай қолдау көрсетілетіні уәде етілген еді. Біз дайындық жұмыстарына ақша шығындадық. Бірақ барлығы бекер болды», - деді ол.

Боксшы жағдайдың мән-жайын алдағы уақытта толық айтып беретінін жазды.

«Өзімнің командама: бапкерлік штабқа, осындай беделді шарада өнер көрсету жөнінде келісімшарт жасай алған менеджер Сергей Завилевскийге үлкен алғыс білдіремін. Көп күш жұмсалған еді. Алдағы уақытта барлық мән-жайды айтатын боламыз», - деді Ф.Шәріпова.

Еске салайық, қазақстандық Ф.Шәріпова мен ресейлік Юлия Куценко арасындағы реванш 13-16 маусым күндері Екатеринбургте өтетін Екінші дүниежүзілік бокс форумы шеңберінде ұйымдастырылуы тиіс еді. Жекпе-жек 16 маусымға белгіленген болатын.

Екінші Халықаралық бокс форумында барлық дүниежүзілік ұйымдардың - Халықаралық бокс федерациясы (IBF), Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC), Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO), Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) басшылары бас қосуда. Сондай-ақ, әлемнің танымал спортшылары, бокстан олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары, промоутерлер, менеджерлер, шоу-бизнес жұлдыздары қатысып жатыр.

Шәріпованың Куценкоға қарсы алғашқы айқасы 2018 жылдың 8 қыркүйегінде Санкт-Петербургте өтіп, қазақстандық спортшының жеңісімен аяқталған еді. Шәріпова он раундтың тоғызында сынған мұрнымен жұдырықтасты.

Бұған дейін Фируза Шәріпова 2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар