Фируза Шәріпова IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулына таласады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова 15 тамыз күні Сочи қаласында IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атану үшін жекпе-жекке шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат sports.kz ресурсына сілтеме жасап. .

Бұл жөнінде Сочи қаласы бокс федерациясының президенті Илья Варов мәлімдеді.

«29 шілдеде біз Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) Фируза Шәріпованың әлем чемпионы атағына таласуына мүмкіндік беретін айқасты өткізуге санкция алдық. Оның қарсыласы - танзаниялық спортшы Хэппи Дауди», - дейді ол.

Жекпе-жек екі минуттан тұратын 10 раундқа созылады. Салмақ дәрежесі - 63,5 кг.

Бұл кездесуде Шәріпова жеңсе, ол Қазақстан тарихындағы кәсіпқой бокстан үш салмақ дәрежесі бойынша алғашқы әлем чемпионы атанып, IBA белбеуіне ие болады. Кезінде Владимир Кличко, кіші Рой Джонс, Мэнни Пакьяо және Бернард Хопкинс секілді атақты боксшыларда дәл осындай белбеу болған.

Сондай-ақ биылғы 12 наурызда Қазан қаласында өткен турнирде Олимпиада финалисі Софья Очигава италиялық Амира Каниццароны нокаутқа жіберіп, осы атақты жеңіп алған болатын.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Фируза Шәріпованың Минск қаласында өтеді деп жоспарланған айқасы коронавирус эпидемиясына байланысты кейінге қалғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар