Фируза Шәріпова Джемилла Гонтарюкпен жекпе-жекке қалай дайындалып жатқанын айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Қазақстандық былғары қолғап шебері Фируза Шәріпова Джемилла Гонтарюкпен жекпе-жекке қалай дайындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

30 желтоқсанда Алматыда өтетін бокс кешінде Фируза 59 келі салмақ дәрежесіндегі WBC Silver титулы үшін бельгиялық Джемилла Гонтарюкпен қолғап түйістіреді.

Баспасөз мәслихаты кезінде Фируза жекпе-жекке тас- түйін дайын екендігін айтты.

«Питбуль лақап аты бар Джемилладан қорқып отырған жоқпын. Бұл сайысқа 100 пайыз дайынмын. Бокс кешіне келіңіздер. Онда сіздерге ерекше тосын сый көрсетіледі. Менің өмірім туралы бейнеролик. Оны өзім де кеш білдім. Жүрегімді селт еткізді», - деді ол.

Боксшының промоутерлік компаниясының техникалық директоры Павел Бадыров дайындық туралы біраз құпияның бетін ашты.

«Фируза бокс, функционалдық дайындық, адам ағзасын бақылаудың заманауи технологиясын пайдалана отырып бірнеше бапкермен жаттығып жатыр. Ал, бокс- күрделі спорт түрі. Бокста өте аз уақытта, қарсыластың соққысының астында тұрып экстремалды жағдайда күрделі тапсырмаларды шешу керек»,- деді Павел Бадыров.

Мұның алдында Фирузаның менеджері Сергей Завилейский бұл жекпе-жектегі жеңіс Фирузаға не беретіні туралы айтқан болатын.

«Фируза Олимпиадалық алтынға қол жеткізуге мүдделі. Біз тез арада кәсіби бокста барлық титулдарды жеңіп алып, Әлемнің абсолютті чемпионы болуды жоспарлап отырмыз. Содан соң Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға қатысу ойда бар»,- деді Сергей Завилейский.

Соңғы жаңалықтар