Фируза Шәріпова 2020 жылғы Олимпиадаға қатысуды көздеп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпова 2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері ауысқаннан кейін менің Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігім арта түсті. Бас бапкерлікке келген Ерік Алғабек менің жеке бапкерім болған. Онымен ары қарай биік белестерді бағындыруға дайынмын. Олимпиада ойындарына қатысты АІВА-да туындаған мәселенің ізімен лицензиялық турнирлер келесі жылға ысырылды. Сол себепті менің мүмкіндіктерім арта түсті», - дейді Фируза Шәріпова.

Боксшы бойжеткен Қазақстан кәсіпқой боксы мен Қазақстанның бокстан әйелдер құрамасы бірлесе күш салатын болса, алтын медаль алуға толық мүмкіндік бар екенін айтады.

«Біз осыған дейін бірнеше елдің боксшы бойжеткендерімен спарринг өткізіп көргенбіз. Сол айқастардан кейін менің алтын алуға әлеуетім жеткілікті екеніне көзім жете түсті. Токиодағы Олимпиада ойындарына барсам деймін. Жасым да сай келеді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Халықаралық бокс федерациясының (IBO) тұжырымы бойынша екінші жартылай салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Фируза Шәріпова мен ресейлік Юлия Куценконың жекпе-жегі 2019 жылдың 16 маусымында Екатеринбург қаласында өтеді.

Соңғы жаңалықтар