Финляндия құрамасы 2022 жылғы шайбалы хоккейден әлем чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін шайбалы хоккей финалында Финляндия және Канада құрамалары кездесті. Құрамалар тартысты ойын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соған қарамастан, бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде канадалық Дилан Козенс 24-минутта мергендік танытты. Бұл сәтте финляндиялық құраманың бір хоккейшісі айдыннан қуылып, канадалықтар сан басымдығына ие болған еді.

Үшінші кезеңде финляндиялық хоккейшілер алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде 44-минутта Микаэль Гранлунд таразы басын теңестірсе, ол 45-минутта өз құрамасын алға шығарды. Ал, финляндиялық Йоэль Армиа 54-минутта басымдықты арттырты.

Канадалық Зак Уайтклауд 57-минутта есеп айырмасын қысқартса, 58-минутта Макс Комтуа таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты.

Овертаймда финляндиялық Сакари Маннинен жеңіс шайбасын соқты. Нәтижесінде, Финляндия әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Осылайша, олар өзінің тарихында төртінші мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Ал, 3-орын үшін сайыста Чехия хоккейшілері АҚШ құрамасын 8:4 есебімен сүріндірді.

Айта кетсек, әлем чемпионаты 13-29 мамыр аралығында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында өтті.

Еске салсақ, биыл Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты топ-дивизионда А тобында жетінші орын алып, үздіктер қатарындағы деңгейін сақтап қалды.

Әлем чемпионатында Италия мен Ұлыбритания бірінші дивизионға түсті. Олардың орнын 2023 жылы Венгрия мен Словения құрамалары басады.

Еске салсақ, бұдан бұрын алдағы үш жылда хоккейден әлем чемпионаты қайда өтетіні белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар