Филиппинде тропикалық дауылдан 120-ға жуық адам көз жұмды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Филиппинде «Меги» тропикалық дауылы 115 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Филиппиннің Табиғи апаттардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі ұлттық кеңесінің мәліметінше, селден 920 мыңнан астам адам зардап шеккен. 230 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Ресми түрде 150-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткен.

14 сәуірдегі жағдай бойынша 115 адамның мәйіті табылған. Циклон Филиппин теңізіндегі конвекция аймағынан шығып, солтүстік-батысқа қарай Лейте шығанағына қарай жылжи бастаған. Жексенбіде елдің орталық-шығыс бөлігіндегі Самар және Лейте провинцияларының аралдарында дауыл соқты. Желдің максималды жылдамдығы оның шегінде 20,8 м/с, екпіні 29,1 м/с-қа дейін жетті. Дауылдың соңы нөсер жаңбырға, ауқымды су тасқыны мен көшкінге ұласты.

Апат салдарынан Шығыс Висай аралдарының өзге де өңірлері зардап шекті. Ауыл шаруашылығына – күріш, жүгері, мал шаруашылығына орасан зор зиян келді. Дауыл салдарынан елдің 15 қаласында электр қуаты үзіліп, екі қалада су құбыры, жолдар мен көпірлер зақымданды.

38 порт жұмысын тоқтатты. Филиппин билігі «Меги» дауылына байланысты 14 қала мен муниципалитетте төтенше жағдай режимін жариялады. Алдын ала ресми деректер бойынша жалпы шығын 10,9 млн АҚШ долларынан асқан.

Авторы: Нарымбек Исмагулов


Соңғы жаңалықтар