Фильм Голливудқа емес, қазаққа жақын болсын - Үшкемпіров өзі туралы түсірілетін кино жайлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ - Жақсылық Үшкемпіров өзі жайлы түсірілетін киноға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр осы уақытта Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шақырып, «Сіз Олимпиада чемпионысыз. Сіз туралы фильм ұрпаққа керек, Сіз жайында кино түсірсек», деді. Мен рұқсатымды бергеннен кейін кино түсіруді «Қазақфильмнің» президенті Бақыт (Бақыт Қайырбеков - авт.) бауырымызға тапсырған екен. Содан биыл ақша бөлініп, 8 айдан бері түсірілім басталып кетті. Онда менің бала кезім, оқуға түскен шағым, күресті бастаған кезім қамтылмақ», - деді Жақсылық Үшкемпіров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін ҚазАқпарат тілшісіне.

Олимпиада чемпионы түсірілім алдында «Қазақфильм» басшысына нені назарға алу керектігін ескерткенін атап өтті.

«Менің түсірілім тобына тапсырғаным: «Бәке, мен жайлы үлкен Голливудқа емес, «Менің атым Қожа» секілді өзімізге жақын, өзімізге тән кино болса дедім. Бала кезімізде қандай өмір көрдік - соның бәрін көре келе қалай осы күнге жеттік? Міне, осының барлығын жастарға көрсете білуіміз керек. Ешқашан ешкімнен артық болған жоқпыз. Әлі де солай ел ортасында жүріп келем. Қолымнан келгенше спортшыларға көмектесуді дұрыс көремін. Басқа планетадан түскен жоқпын. Қарапайымдылығымыз, қазақылығымыз, Отанымызға деген сүйіспеншілігіміз кино жанрында көрсетілсе дейміз. Ұлттық өнерімізді көрсете білуіміз керек. «Қазақ - елім» деген азаматтарды өсіруіміз керек», - дейді ол.

Жақсылық Үшкемпіров фильмнің түсірілім барысына еш араласпайтынын айтады.

«Түсірілім жұмысына басынан-ақ араласпайтынымды айттым. Сәл араласа бастап едім, жан-жақтан маған қоңырау шалып, «Жәке, менің баламды не қылшы... менікі анау, менікі мынау» деген секілді әңгімелер болғаннан кейін мен: «Айналайын, өзімнің немеремді де кіргізбеймін» дедім. Еш нәрсеге араласпаймыз. Басты режиссер бәрі өзі жасауы керек. Сонда ғана дұрыс болады деген ойдамын», - деп түйді Жақсылық Үшкемпіров.

Еске сала кетсек, Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ - Жақсылық Үшкемпіров туралы фильм түсіріліп жатқанын бұдан бұрын да жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар