ФИФА Қазақстанда футболдың дамуын қолдауға дайын

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұлов Париж қаласындағы еуропалық кеңсесінде ФИФА Президенті Джанни Инфантиномен кездесіп, еліміздегі бұқаралық футболды дамыту жобасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін ФИФА басшысымен маңызды кездесу өтті. Күн тәртібінде екі негізгі мәселе көтерілді. Балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамыту. Біздің мақсатымыз – әр қазақстандық үшін бұқаралық футболдың қолжетімді болуы, әуесқой футболшылардың санын ұлғайту және елімізде футболды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Біздің бастамаларымызды қолдап, ұсынылған жобаларымыздың болашағына баға бергені үшін Джанни Инфантиноға алғысымызды білдіреміз», - дейді ҚФФ Президенті Әділет Барменқұлов.

Бұқаралық футболды дамыту жобасында спорт түрін насихаттау, дайындық және жарыс жүйелері, сонымен қатар футбол инфрақұрылымын жақсарту мәселелері де қамтылған.

Президент Джанни Инфантино сол жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстан футбол федерациясына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық футбол мамандарына арналған білім беру процесін ұйымдастыруда ФИФА-ның техникалық командасы көмек көрсететінін жеткізді.

Тараптар ФИФА мен ҚФФ ынтымақтастығы аясында Қазақстан аумағында ФИФА іс-шараларын өткізу, сонымен қатар Орталық Азия футбол қауымдастықтарының өзара қарым-қатынасын жақсарту мәселелерін талқылады. Оларды әрі қарай талқылау мақсатында ФИФА басшысы Джанни Инфантино Қазақстанға келмек.



Фото: kff.kz




Соңғы жаңалықтар