FIFA Қатарда өтетін әлем чемпионатына қатысушы командаларға үндеу жолдады

None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – FIFA халықаралық футбол федерациясы Қатарда өтетін әлем чемпионатына қатысатын командаларды саясатқа емес, футболға ден қоюға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

«FIFA Қатарда әр қатысушы елдің қорытынды футбол кезеңінде жетістікке жетуіне мейлінше мүмкіндігі болуы үшін барлығы дайын тұрғанын сеніммен хабарлайды. Футболдан әлем чемпионатының 64 матчы ойналатын 8 заманауи стадион дүниежүзіндегі ірі спорттық шара өтетін мінсіз алаңға айналмақ. Ендеше, футболға ден қояйық!

Футбол саласының вакуумда еместігін білеміз. Сондай-ақ, бүкіл әлемде саяси сипаттағы көптеген мәселе мен қиыншылық барын да түсінеміз. Дегенмен, футболдың идеологиялық және саяси қақтығыстарға тартылуына жол бермеуіңізді өтінеміз.

FIFA барлық пікір мен көзқарасқа құрметпен қарап, қалған әлемге моральдық сабақ бермеуге тырысады. Расында, әлемнің ең ұлы күшінің бірі оның әртүрлілігінде. Бірде-бір халық, мәдениет немесе ұлт өзгеден «артық» емес. Осы ұстаным өзара құрмет пен кемсітушілікке жол бермеудің берік негізі болып саналады. Бұл – футболдың да негізгі құндылықтарының бірі. Сондықтан, барлығымыз осыны есте ұстайық және назар футболда болсын. Сізге алдағы уақытта жетістік пен керемет турнир тілейміз!» - делінген үндеу мәтінінде.

Үндеу хат чемпионатқа қатысатын 32 елдің футбол қауымдастығына жолданған. Оған FIFA президенті Джанни Инфантино және бас хатшысы Фатма Самура қол қойған.

Еске салсақ, Қатарда өтетін футболдан әлем чемпионаты жоспарланған кестеден бір күн бұрын, яғни 20 қарашада басталады.

Чемпионат матчтарын қазақстандық телеарналар тікелей эфирде көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар