Фейк ақпарат коронавирустан да зиян болуы мүмкін – Шыңғыс Мұқан

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда «Инфодемияның екінші толқыны: алдын алу және жаңа ақпараттық стратегия» атты онлайн конференциясы болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн жиынға Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова мен басқа да елге танымал журналистер, блогерлер мен дәрігерлер қатысты. Жиынның ерекшелігі – бір платформада еліміздегі үш кәсіби журналистер ұйымының өкілдері бас қосты. Қазақстан Журналистер одағы Сейітқазы Матаев, «Қазақстан Медиа альянсының» басқарма төрағасы, сенатор Нұртөре Жүсіп және «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Зейін Әліпбек қатысқан жиында отандық журналистикаға ортақ мәселелер қарастырылды.

«Коронавирустың екінші толқынының басталуы инфодемияның, яғни жалған, ел арасында үрей тудыратын ақпараттар эпидемиясының басталатынын білдіреді. Инфодемияның басты қаупі жұртшылық жалған мен шынайы ақпараттарды ажырата алмай қалады. Мұндай жағдайға түскен адам дәрігерлердің кеңестеріне құлақ асуды қояды. Ал бұл бәрінен де қауіпті», – деді онлайн конференцияның модераторы, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай.

Жиында сондай-ақ, инфодемияның кесірінен бүкіл әлемде көптеген адам көз жұмғаны сөз болды. Өйткені, түрлі ақпарат құралдары арқылы коронавирусты емдеудің тексерілмеген әдіс-тәсілдері таралып, соның салдарынан науқастар дәрігерлерге тым кеш жүгінген.

Бұл ретте Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан вирусқа қарағанда, жалған ақпараттың қатері көбірек екеніне тоқталып өтті. Ол фейк жаңалықтарға қарсы иммунитет қалыптастыру қажеттігіне тоқталды.

«Танымал адамдар естігенін айтады. Олардың танымалдылығы көпшіліктің көкейіне сенім ұялатады да, солардың айтуымен әлдебір нәрсенің шипасына сеніп, денсаулығына зиян келтіріп жатқан жағдайлар бар. Сондықтан ақпаратты тексерудің бірінші ережесі ақпарат берушінің компетенциясына мән беру қажет. Емделудің жолын медицинадан хабары жоқ немесе әлдебір адамның айтқаны дұрыс па, дәрігердің айтқаны дұрыс па? Осыларда айырмашылық үлкен. Фейк ақпарат коронавирустан да зиян болуы мүмкін. Ақпаратқа иммунитеті жоқ адам денсаулығына одан бетер зиян келтіреді»,- деп атап өтті Ш.Мұқан.

Конференция барысында әрбір кәсіби журналистің өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ақпараттық гигиенаны сақтау қажеттілігі айтылды. Жиында пандемия кезінде журналистер дәрігерлерден кем жұмыс істемесе де, ақпарат саласы қызметкерлеріне жағдайдың жасалмағанына назар аударылды.

Белгілі журналист, Сенат депутаты Айгүл Қапбарова кейбір мемлекеттік орган басшыларының пандемияны сылтауратып тілшілерге ақпарат беруден бас тарту фактілерінің кездескеніне, мұндай қиын-қыстау кезде БАҚ өкілдерінің құқықтарын бұлай шектеуге болмайтына тоқталып өтті.

Сондай-ақ, сенатор отандық БАҚ-ты дамытудың 2021-2023 жылға арналған ұлттық жоспары жасалып, Үкімет қаулысымен бекітілгенін айтып, аталған жоспардың бағыт-бағдарын таныстырып өтті.

Жиынды қорытындылаған Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев онлайн конференцияда қозғалған мәселенің өзектілігін атап өтіп, пайдалы жиындарды алдағы уақытта да ұйымдастырып отырудың маңыздылығына тоқталды.
Соңғы жаңалықтар