Фермерлер 2021 жылғы құрғақшылықтан сақтандыру шарттарын жасай бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Фермерлер егіс алқаптарын ылғалдың жетіспеушілігінен биыл 15 сәуірге дейін онлайн режимде сақтандыра алады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сарапшылар биыл еліміздің көптеген өңірлерінде құрғақшылық болуы мүмкін екенін айтып отыр. Көктемнің соңы мен жаз айының басындағы топырақ ылғалының жетіспеушілігі еккен егіннің тез көтерілуіне кедергі болады. Сондықтан, құрғақшылықтан сақтандыру – өсімдік шаруашылығымен айналысатындарды қолдаудың маңызды шараларының бірі. 2020 жылдың басынан бері өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру ерікті түрде жүргізіліп келеді. Енді фермерлер өз тәуекелдерін қаншалықты төмендету керектігін өздері шешеді. Өз бизнесін сақтандырған егін шаруашылығымен айналысатындарға мемлекет қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, сақтандыру полисі құнының 50 пайызы субсидия ретінде төленеді», - делінген хабарламада.

Ең бастысы – «Agroinsurance» сервистік жүйесі орналасқан www.qoldau.kz платформасына электронды цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен тіркелу керек. Осылайша, фермерлер еккен егінін сақтандыру үшін алқаптарды, компанияны, сақтандыру сомасын таңдауға, сондай-ақ күн сайын платформадағы жеке кабинеті арқылы топырақтағы ылғал деңгейін қадағалауға мүмкіндік алады.

Сақтандыру жағдайын анықтауда адами фактор алынып тасталғаны да үлкен маңызға ие. Сақтандыру жағдайы туындаған фактіні спутниктік деректерге сүйене отырып, ақпараттық жүйе айқындайды. Бұл – сақтандыру төлемдері механизмінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

Ылғал тапшылығынан сақтандыру бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең - 15 мамырдан 14 маусымға дейін, екінші кезең - 15 маусымнан 14 шілдеге дейін және үшінші кезең - 15 шілдеден 14 тамызға дейінгі аралықты қамтиды.

Осыған байланысты, фермерлер алқаптарды қандай кезеңдер бойынша сақтандыратынын өздері таңдайды. Мониторинг жүйесінде әр кезең бойынша сақтандыру жағдайы іске қосылатын өз триггерлері қойылған. Құрғақшылықтан сақтандыру тарифі сақтандыру сомасының 3,2 - 4,8%-ын құрайды. Ал ылғалдың артық болуынан сақтандырғанда 3,2%-ы шегінде белгіленген.

Сақтандыру сомасын есептегенде фермер егіс алқабының бір гектарына сақтандыру сомасын өзі анықтайды. Ол – 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейін. Содан кейін сақтандыру компаниясын таңдайды және сақтандыру құнының 50%-ын төлейді. Қалған соманы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры төлейді.

Сақтандыру шартына сәйкес, сақтандыру жағдайы туындаған сәттен бастап 15 жұмыс күні ішінде төлем жасалады.


Соңғы жаңалықтар