«Феникс» фильмінің режиссерін қамауда ұстау мерзімі 1 айға ұзартылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Феникс» кинокартинасына бөлінген қаражатты қолды етіп, мақсатсыз жұмсады деп айыпталып отырған фильм режиссері Талғат Жәнібековті қамауда ұстау мерзімі бір айға, 2017 жылдың 28 мамырына дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

«Талғат Жәнібековтің азаматтық қорғаушысы Амангелді Жәнібеков тарапынан айыпталушының қамауда ұстау мерзімі 28 сәуір күні аяқталуына байланысты кепілге мүлік қою арқылы немесе үйқамаққа ауыстыру арқылы оны қамаудан босату туралы өтінімхаты қанағаттандырылмайды. Сот бұл өтінімді Т.Жәнібековке тағылған айыптың аса ауыр қылмыс түріне жататындықтан қанағаттандырмады. ҚР ҚПК 319-бабының 5-бөлігіне сәйкес, сот Т.Жәнібековті қамауда ұстау мерзімін бір айға 28 мамыр 2017 жылға дейін ұзарту туралы қаулы шығарды», - деді судья Тәкен Шакиров.

Айта кетейік, кеше Алматының мамандандырылған ауданаралық сотында «Феникс» фильмінің режиссері Талғат Жәнібеков пен фильм продюсері Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты кезекті сот отырысы өтті. Онда компьютерлік графикамен жасалған және фильмді түсіру бойынша жасалған жұмыстардың бейнематериалдары таныстырылды. Сот отырысы соңында Тұңғышбай Жаманқұлов судьяға өтінім хат беріп, іс бойынша экономикалық сараптама тағайындауды сұрады.

Тұңғышбай Жаманқұлов өтінім хатында экономикалық сарапшылар тарапынан «Феникс» бойынша жасалған жұмысқа баға беріліп, оған қанша қаражат жұмсалғанын анықтауды, фильм бойынша лауазымды, жауапты адамдар жұмсаған қаражаттың нақты сомасы мен өзінің, яғни Жаманқұлов тарапынан қанша сомада қаржы жұмсалғанын анықтап беруін сұрады.

«Қаржы полициясы өз сараптамасын жасаған. Біз жұмыс жасалғанын дәлелдеу үшін экономикалық сараптама комиссиясын құруды сұраймыз. Ол сараптама тобы ҚР Әділет министрлігі тарапынан, өнер саласын білетін, фильмді түсінетін мамандарды құрамына енгізе отырып құрылса дейміз. Кино түсіру тәсілін білетін адамдар болғаны өте маңызды», - деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Судья Тәкен Шәкіров бүгін Жаманқұловтың өтінімхаты бойынша 5 мамыр күні өтетін сот отырысына экономкалық сарапшыны шақыру туралы қаулы шығарды.

Айта кетейік, сотта жәбірленуші тарап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Серік Естияров айыптау актісі бойынша айыпталушылардан өндірілуі қажет материалдық шығындардың сомасын айтты. 

«Айыптау актісі бойынша, біз осы уақытқа дейін өтелген 5 млн 314 теңгені есептемегенде, Тұңғышбай Жаманқұловтан 29 млн 869 мың теңге материалдық шығынды өндіріп алуды сұраймыз. Сондай-ақ, Талғат Жәнібековтен 6 млн 802 мың теңге, Сұлтан Шынтеміровтен 2 млн 915 мың теңге, Данияр Әбіқадіровтен 14 млн 6 мың теңге, Карабейниковтен 3 млн 418 мың теңге өндіріп беруді сұраймыз. Айта кетейік, Коробейников 400 мың теңгесін өтеді. Өз кінәсін мойындап, қаражатты қайтарып бергендерге талап арыз түсірілген жоқ. Олар Юдина және Әбішевтер мен Коробейников», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Серік Естияров.

Соңғы жаңалықтар