Федерация кубогы: Зарина Дияс Қазақстан - Қытай матчын тамаша бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Федерация кубогы үшін іріктеу кезеңінің финалында Қазақстан мен Қытай құрамалары күш сынасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеңімпаз құрама Әлемдік топтың плей-офф кезеңіне жолдама алатындықтан, бұл матчтың маңызы зор.

Кортқа алғашқы болып Қазақстаннан Зарина Дияс, Қытайдан Чжэн Сайсай шықты. Зарина әлемдік рейтингте 96-орында болса, қарсыласы 42-сатыда еді.

Кездесуді Зарина тамаша бастап, қос бірдей брейкпен алға шықты - 4:0. Дегенмен қытайлық қыз да қалыспай, қатарынан үш геймді алды. Бұдан кейін қазақстандық теннисші тағы бір брейк жасады - 5:3. Содан кейін сетке доп бергенде, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ - 6:3.

З.Дияс екінші партияны брейкпен бастап, содан соң тартысты өткен өз геймін жібермеді - 2:0. Сол брейктің арқасында үнемі алға шығып отырды - 3:1, 4:2. Сосын тағы бір брейк жасады - 5:2. Зарина соңғы геймде үшінші матчболын пайдалана білді - 6:2.

Тартысты өткен бәсеке 1 сағат 35 минутқа созылды.

Кездесу барысында отандасымыз тамаша өнер көрсетіп, қытайлық спортшының адымын аштырмады. Бұған дейін З.Дияс бір-бірін жақсы білетін Чжэн Сайсайдан бес рет жеңілген екен, бүгін соның есесін қайырды.

Кеше Қазақстан - Үндістан матчында Зарина Диястың ойынын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалап, қолдау білдірген болатын. Содан кейін Зарина инстраграмдағы парақшасында Президенттің өзіне сағат сыйлағанын жариялаған еді. Бүгін З.Дияс Елбасы сыйлығының өзін шабыттандырып, жеңіске жігерлендіргенін жеткізді.

Бүгін екінші ойында Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте өзінен үш саты жоғары тұрған Чжан Шуаймен шеберлік байқасады. Содан кейін Галина Воскобоева мен Анна Данилинаның Яфань Ван және Ифань Сюйдің жұптық кездесуі жоспарланған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада өтіп жатқан Федерация кубогы үшін іріктеу кезеңінде Қазақстан - Үндістан матчын әуелі Зарина Диястың жеңіспен бастап, Юлия Путинцеваның жалғастырғанын, сосын Галина Воскобоева мен Анна Данилинаның жұптық кездесуді ұтқанын, ал ерлер арасында Александр Бубликтің Будапешт турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар