Федерация кубогы: Қазақстанның теннисші қыздары Аргентинамен ойнайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық теннис федерациясы Лондондағы штаб-пәтерінде Федерация кубогының биылғы плей-офф бәсекесінің жеребесін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық қыздар Аргентина құрамасымен кездеседі.

Бес ойыннан тұратын матч 17-18 сәуір күндері Аргентинада өтеді. Кездесудің дәл қайда болатыны кейін анықталады.

Плей-офф бәсекесінің басқа жұптары мынадай: Польша – Бразилия, Мексика – Ұлыбритания, Сербия – Канада, Латвия – Азия/Тынық мұхиты аймағының жеңімпазы, Жапония – Украина, Румыния – Италия, Нидерланды – Азия/Тынық мұхиты аймағының жеңімпазы.

Қазақстан құрамасы аргентиналықтарды жеңсе, онда 2021 жылы ақпанда өтетін Федерация кубогының іріктеу кезеңінде қайтадан бақ сынайтын болады. Биыл қазақстандықтар осы кезеңде бельгиялықтарға жол берген еді.

Аргентиналықтар америкалық аймақтың жеңімпазы ретінде плей-офф бәсекесіне жолдама алды. Сантьягода олар Мексикадан (2:1), Чилиден (2:1), Перудан (3:0) және Колумбиядан (2:0) басым түсті.

Аргентина өз тарихында Федерация кубогында 1964, 1983, 1985, 1987, 1992, 2001 және 2004 жылдары ширек финалда ойнады. Екі мәрте (1986 және 1993 жылдары) жартылай финалға дейін жетті.

Жоғары дивизионда Аргентина соңғы рет 2015 жылы 7-8 ақпанда сынға түсіп, Буэнос-Айресте АҚШ құрамасынан (1:4) жеңіліп қалды.

Дүниежүзілік рейтингте 172-орында тұрған 23 жастағы Надя Подороска Аргентинаның 1-ракеткасы болса, құрама капитаны – бұрынғы кәсіби теннисші, 53 жастағы Мерседес Пас.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Роттердам турнирінің екінші айналымына шыққанын, ал Юлия Путинцеваның Санкт-Петербургте жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.






Соңғы жаңалықтар