Федерация кубогы: Қазақстан - Таиланд матчында Путинцева есепті еселеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық теннис орталығында Федерация кубогы үшін өтіп жатқан Қазақстан - Таиланд матчында Юлия Путинцева Нуднида Луангнаммен шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 43-орында тұрса, оның қарсыласы небәрі 712-сатыда еді.

Ю.Путинцева бірінші партияда 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партия тартыстырақ өрбіп, Н.Луангнам да тырысып бақты. Дегенмен есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді. Содан кейін өз геймін де жіберген жоқ - 6:3.

Бәсеке 1 сағат 19 минутқа созылды.

Осылайша Ю.Путинцева Қазақстан - Таиланд матчында есепті 2:0-ге жеткізіп, командасына мерзімінен бұрын жеңіс алып берді. Жұптық кездесу жоспарланғанымен, ол ештеңені шешпейді. Қазақстан "А" тобында бірінші орынға шықты. Енді жұма күні қазақстандықтар Үндістан құрамасымен күш сынасады.
Егер финалға өткен жағдайда Қазақстанның басты қарсыласы Қытай болатыны анық. Қытайлықтар да бірінші матчында Папуа-Жаңа Гвинеяны тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтардың басты қарсыластары кімдер екенін, Зарина Диястың өз жоспарымен бөліскенін, бүгін оның Қазақстанды алға шығарғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар