Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 қаңтар күні «Астана» концерт залында поэзия падишасы атанған қазақтың танымал ақыны, Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Мен жалындап өтемін» атты әдеби-музыкалық кеш болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы бір еске алу шарасын Астана әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының халық аспаптары оркестрі ұйымдастырып отыр.

Астана әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры және көркемдік жетекшісі Сәкен Әбдірахмановтың айтуынша, Фариза Оңғарсынованы еске алу кеші 2019 жылғы ең алғаш өткелі тұрған маңызды іс-шара. «Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Фариза Оңғарсыноваға деген халықтың құрметі ерекше. Туған халқына қалдырған жыр мұрасын мәңгілік сарқылмайтын өте бай қазына, ұлттық құндылық десек, қателеспейміз. Биыл туғанына 80 жыл толуына орай әдеби-музыкалық кеш өткізіп, ақын мұрасын насихаттауға аз да болса үлесімізді қосқалы отырмыз. Фариза ақынның жырлары әрбір қазақтың жанына жақын, жүректерінде жатталып қалған. Әр адам ақынның өр рухты өлеңдерінен қуат алады. Астана филормониясының өнерлі ұжымы көрермендер көңілінен шығатын концерт дайындап отыр. Жаңа әндер де, күйлер де орындалады»,- деді Сәкен Әбдірахманов.

Белгілі өнер шеберлерінің қатысуымен өтетін бұл кеште Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған бірқатар композиторлардың әндері орындалады. Соның ішінде Астана Мемлекеттік академиялық филармониясы халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың «Махаббат оты сөнбейді», «Жылойға сәлем», «Атырау - әнім» атты үш әні шырқалады. Сонымен қатар композитор Әсет Бейсеуовтің де ақын сөзіне жазылған «Қимастарым» әні кеш бағдарламасына енген.

Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған композитор Дина Әмірованың «Сонда да әлі тірімін» әні алғаш рет орындалмақшы.

Сондай-ақ бір ерекшелігі, осы кештің бағдарламасында Фаризаға арналған күй де, ән де бар. Композитор, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің жуырда дүниеге келген «Толғам» атты күйі тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылады.

Атырау қаласының тұрғыны, композитор Аманкелді Сұлтанғалидың Фариза Оңғарсыноваға арналған «Мейірімді жан еді» әні де алғаш рет орындалады. Сөзін жазған ақын Айбатыр Сейтақ.

Сонымен қатар Фариза ақынның өлеңдері оқылады.

Айта кетейік, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Атырау облысының Новобогат ауданындағы Манаш ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Атырау мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, еңбек жолын ауылдық мектепте мұғалім болып бастаған. Одан кейін облыстық, республикалық газет-журналдарда қызмет атқарды. Соның ішінде «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің және «Ақ желкен» журналының Бас редакторы болды. Көптеген жыр жинақтарының авторы. ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымына депутат болып сайланған. Ана мен балалар құқығын қорғауға қатысты заң жобаларының бастамашысы болды. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

2014 жылы Ф.Оңғарсынова 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Соңғы жаңалықтар