Facebook қолданушылары енді Instagram мен Whatsapp-қа хабарлама жібере алады - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Жасанды интеллект: Мамандар ортақ пікірге келе алар емес - Vox

Vox басылымының жазуынша, мамандар «Жасанды интеллект адам өмірін қалай өзгертеді» деген сұраққа келгенде тіл табыса алар емес және бұл үлкен проблемаға айналуы мүмкін.

«Жасанды интеллект бойынша 45 сарапшы өзара пікір таластырып келеді. Жасанды интеллект стратегиялық ойындар ойнап, мақала жазады. Кейбір сарапшылар бұл жүйелер тым қуатты болып бара жатқандықтан, оның үлкен қауіп төндіретінін айтады. Ал тағы бір топ сарапшылар ол деңгейге жету үшін әлі бірнеше ғасыр керек екенін айтып, бүгінгі болжамдардың тым күлкілі екенін жазып жүр» дейді автор.

Оның айтуынша, Америкада жарияланған соңғы екі кітапта 45 зерттеушінің пікірі топтастырылған.

null

«Жасанды интеллектінің адам деңгейіне жетуі, оның адам өміріне қаупі туралы сұрақ көпшілікті алаңдатады. Дегенмен, мамандар пікірі дәл осы сұраққа келгенде екіге бөлінген» деп жазады басылым.

Адамзат кесірінен жануарлардың 1700 түрі жойылады - Nature

Nature журналының жазуынша, Йель университетінің экологтары2070 жылға қарай адамзат кесірінен жануарлардың 1700 түрі жойылатынын айтқан. Ғылыми зерттеу барысында мамандар 19 400 түрдің географиялық орны туралы ақпараттарды біріктіріп, оларға адамдардың әрекеті қалай әсер етуі мүмкін екенін зерттеп көрген.

«Жер шарындағы өзгерістерге қатысты болатын саяси және экономикалық шешімдер

«бүкіл әлем бойынша жануарлар мен құстардың түрінің азаюына алып келеді», дейді Йель университетінің ғылыми қызметкері, зерттеу авторларының бірі Уолтер Джетц.

Автордың айтуынша, адамзат жерді пайдалануды дәл қазіргі деңгейде жалғастыра берсе, алдағы 50 жылда жануарлардың 1700 түрі жойылып кетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде экожүйелердің қызметіне, адам өмірінің сапасына тікелей әсер етеді.

Еуроодақтың қаржы жүйесіне өзгеріс қажет - Bloomberg

null

Еуроодақ қаржыны бірлесіп басқаруға байланысты шараларға қарсылық танытып отыр. Bloomberg басылымының жазуынша, қаржыны бақылайтын ортақ ведомство болмағандықтан, Еуроодақ алаяқтықпен күресе алмай отыр.

«Еуропада қаржыға байланысты әртүрлі ереже мен жүйе бар. Бұл осы саладағы алаяқтықпен күресуге кедергі келтіреді. Сонымен қатар осындай қылмысты тергейтін орталық ведомстовның болмауы да жүйенің әлсіздігін көрсетеді» деп жазады басылым. Автордың айтуынша, Еуроодақта ортақ валюта бар, нарық та ортақ, әрі тауар айналымы да еркін. Дегенмен, қаржыға қатысты алаяқтыққа қарсы күресуге арналған 28 түрлі жүйе бар.

«Еуропа шенеуніктері банктерге салынған айыппұлдарды арттырды. Дегенмен, банктерді америкалық билік бұдан да қатал жазалап жатыр» деп жазады автор.

Facebook қолданушылары енді Instagram мен Whatsapp-қа хабарлама жібере алады - The Independent

null

Марк Цукерберг Facebook Messenger, WhatsApp және Instagram қолданушыларының енді бір-біріне хабарлама жібере алатынын хабарлады. The Independent басылымының жазуынша, «құпиялылыққа бағытталған платформа» қозғалысы аясында барлық қосымшалар өзара хат алмасуға мүмкіндік алатын болады.

Марк Цукербергтің айтуынша, бұл шифрландыруды жетілдіріп, мәліметтерді сақтау жүйесін өзгертуді қажет етеді.

«Facebookте хат жіберу үшін Messengerге кіру керек, Instagramда Direct, WhatsAppта WhatsApp бар. Біз қолданушыларға өз достарымен кез келген қосымша арқылы байланысуға мүмкіндік бергіміз келеді», деді Марк Цукерберг.

Халықаралық әйелдер күні: митинг басындағы әйелдер - The Washington Post

null

Халықаралық әйелдер күнінің тойланып келе жатқанына жүз жылдан асты. The Washington Post басылымының жазуынша, соңғы кездері бұл мерекенің кең танылуына әлеуметтік желілер көп әсер еткен. Социалистердің наразылық білдіруі уақыт өте келе ресми мерекеге айналды. Осыған орай басылым наразылық басында болған әйелдерді еске алып көріпті.

«Британ парламенті қабылдаған жаңа салық туралы заңға қарсы Бостон наразылығын көпшілік білгенімен, одан бірнеше ай өткен соң Солтүстік Каролинада әйелдердің наразылық шеруіне шыққанын көпшілік біле бермейді. 1774 жылы 25 қазанда Пенелопа Баркер шай салығына қарсы елу әйелмен наразылыққа шықты. Француз революциясының басында да нарықтағы жоғары бағаға, нанның жетіспеушілігіне наразы әйелдер Версальда шеру ұйымдастырды. Ал 1891 жылы Жаңа Зеландия парламентінде әйелдерге дауыс беруге рұқсат ететін заң қарастырылып, мемлекетте петиция жиналды. Оған 9 мың әйел қол қойса да, заң қабылданбады. Келесі жылы заң жобасы қайта парламент қарауына жіберліп, 20 мың әйелдің қол қойғанына қарамастан жоғары палата заңға қарсы шықты. Сол кезде әйелдер жиналып, жер жерде жаппай митингтер ұйымдастырып, нәтижесінде заң жобасы қабылданды», деп жазады автор.

Бүкіл әлемде сүт өнімдері қымбаттады - Reuters

Ақпан айында бүкіл әлем бойынша сүт өнімдері қымбаттап, бұл басқа да азық түлік бағасының өсуіне алып келді. Reuters басылымының жазуынша, БҰҰ ауыл шаруашылық және азық-түлік ұйымының мәліметтеріне сенсек, өткен айда азық түлік бағасы индексі артқан.

null

«Сүт өнімдері қаңтар айына қарағанда ақпан айында 5,6 пайызға, қант бағасы 1,2 пайызға қымбаттады» деп жазады басылым.

Соңғы жаңалықтар