Facebook, Instagram желілерінде қазақ тілді контентті дамыту мәселелері қаралды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Meta компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Meta» компаниясының өкілдерімен кездестім. Бұл компанияның құрамына Facebook, Instagram және What’s App мессенджері сияқты әлеуметтік желілер кіреді.

Осы әлеуметтік желілер кеңістігінде білім беру саласындағы ынтымақтастық және оны танымал ету мәселелерін талқыладық.

Біз үшін білім беру бағытындағы контентті, әсіресе оны қазақ тілінде насихаттау және балаларды қажетсіз, жағымсыз контенттен қорғау мәселелері маңызды. «Метаның» Орталық Азиядағы үкіметпен байланыс жөніндегі басқарушы директоры мен басқа да әріптестер бастамаларымызды қолдағанына қуаныштымын.

Facebook платформасында мұғалімдеріміз белсенді түрде өз пікірлерін білдіріп, түрлі проблемаларды көтеріп, жаңалықтармен бөлісіп отырады. Сонымен қатар бүгінгі күні мұғалімдеріміз Instagram алаңын белсенді пайдаланып, оқушыларға белгілі бір пән туралы мәлімет беріп, сол арқылы балалардың оқуға деген қызығушылығын, ынтасын арттырып жүр»,- деп жазды министр желідегі парақшасында.

Сонымен қатар министр педагогтердің оқушыларды оқу-тәрбие үдерісіне заманауи тәсілдермен тартуға деген ұмтылысы мақтауға тұрарлық екенін жеткізді.

«Джордж Чен әріптестерімен бірге қазақстандық мұғалімдер мен ата-аналардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін атап өтіп, мұғалімдерге арнайы тренингтер өткізуді ұсынды. Олар мұғалімдерді балаларды оқытуда түрлі цифрлық ресурстарды белсенді пайдалануға үйретуге бағытталады», - деп толықтырды Оқу-ағарту министрі.






Фото: www.facebook.com/askhat.aimagambetov


Соңғы жаңалықтар