Ф.Оңғарсынованың поэзиясы қазақ әдебиетінің жарқын беттері - Е.Ағымбаев

None
None
АСТАНА. Қарашаның 27-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың 70 жылдық мерейтойына арналған баспасөз мәслихаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға қатысқан Астана қалалық мәдениет басқармасының бастығы Еркебұлан Ағымбаев өз сөзінде 70 жылдық мерейтой ақынның өзінің ғана емес, ол ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының өркен жаюының өзіндік есепті тойы болып саналатындығын атап өтті.

«Ф.Оңғарсынова өзінің өткір де, сыршыл жырларымен қазақ поэзиясына жаңалық, өзіндік өрнек әкеліп, өзіндік отты жырларымен тұтас бір ақындар көшін бастап келе жатқан тұлға», деді ол.

Оның айтуынша,  ақынның 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Ал таяуда оқырмандардың толассыз сұранысына ие болып жүрген махаббат жырлары «Мен саған ғашық емес ем» деген атаумен тағы да жарық көрмек.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының басшысы, жазушы Әкім Тарази жиналғандарды бүгінгі күллі мұсылман халқының ұлық мерекесі Құрбан айтымен құттықтап, ақынмен кездесудің осы айтулы күнге сәйкес келуі Алланың берген рақымы деп ойлайтындығын жеткізді. 

«Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде Махамбет өлеңдерінің екпіні, Махамбет өлеңдерінде ғана кездесетін, лирикамен қатар жүретін ашу-ыза екпіні бар. Фаризаны мақтау қажет емес, мақтану керек», деді Ә.Тарази.

Ақынның поэзиясына өзінің тәнті екендігін жеткізген академик Рымғали Нұрғалиев «қазақтың соғысты көрген Тахауи Ахтанов деген қаламгері болды. Кейде өте дәл айтатын. Мәселен, Бауыржан Момышұлы дүниеден өткенде «мына стандартты заманда стандартқа сыймаған адам» деген еді. Ал Фариза қыз да болса, ер азаматтың жүгін көтерген бүгінгі заманның Махамбеті» дегендей пікір білдіргенін келтірді.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатына қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев Ф.Оңғарсынованың шығармашылығы әлі күнге дейін оқырманның зор қызығушылығын тудырып келе жатқандығын, соңынан ерген сіңлілеріне үлгі-өнеге көрсетіп отырғандығын айта келіп, 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Шара соңында сөз алған Ф.Оңғарсынова өзінің журналистика саласында біраз жыл еңбек етіп, жастар басылымының батыс өңірдегі тілшісі болғандығын айтып, «әдебиет пен журналистика бір үйдің егіз баласы секілді. Сондықтан осы салада жүрген іні-қарындастарыма рахметімді айтамын. Қазіргі кезде шындық айтылмайды, «біреуді жаманда десе жамандап жаза береді» деген халық арасында  пікір бар. Барынша адал жүріп, шындықты ашып айтып, осы пікірді түбегейлі өзгерту қажет», деді.  

Соңғы жаңалықтар