Ф.Багапов: Мемлекеттік рәміздер біздің өмірімізбен біте қайнасып жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік рәміздер тек ресмилік үшін ғана жасалған жоқ, олар біздің өмірімізбен біте қайнасып жатыр. Бұл туралы Қазақстандағы татар және башқұрт қауымдастығының, Көкшетау татар мәдени орталығының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Фарух Багапов өзінің пікірін білдіріп отыр.

Оның айтуынша, қандай халық болсын, қандай да ұлт болсын, тұрып жатқан елдің мемлекеттік рәміздері қасиетті саналады. «Кез-келген мемлекеттің әлемдік аренада өздерінің жеке ел екенін айғақтайтын басты белгілері, яғни, мемлекеттік рәміздері болады. Онсыз ешбір елмен достық қарым-қатынас орнатып, қандай да бір келіссөздер жүргізу мүмкін емес деп түсінемін. Осыдан шығатын қорытынды, Әнұран, Елтаңба мен көк Туымыз біздің өмірімізде орасан зор рөл атқарады, қасиетті саналады. Қазақ халқы сияқты, татарлар да қасиетті Отан деген ұғыммен байланысты әр затты, әр сөзді киелі деп санайды. Мен де мұнымен толық келісемін. Қазақстанда тұрып жатқаннан кейін осы елдің Конституциясын сыйлап, елдік рәміздеріне құрметпен қарау - әр отандасымыздың азаматтық борышы. Мемлекеттік рәміздер тек ресмилік үшін ғана жасалған жоқ, олар біздің өмірімізбен біте қайнасып жатыр. Ойланып көріңіздерші, әр күніміз таңсәріден теледидар, радиодан шырқалатын Әнұранмен басталса, күнбе-күн қалтамызда жүретін теңгеде Елтаңба бедерленген. Ал әр мемлекеттік мекеменің төбесінен, зәулім ғимараттардан көк байрағымыздың желбіреп тұрғанын көреміз. Мұның бәрі біздің мақтанышымыз», - дейді Ф.Багапов.

Соңғы жаңалықтар