«Эйр Астана» ұшақтарда орын алған үш оқиғаға қатысты түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат. - «Эйр Астана» әуе компаниясының басшылығы алматылық журналистермен кездесу ұйымдастырып, инженерлері авиациялық оқиғалар мониторингінің ерекшеліктері және техникалық қызмет көрсету тәртіптері мен стандарттары туралы баяндап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кездесу барысында спикерлер ұшақтардың барлығы үздіксіз техникалық бақылауда тұрғанын айтты. Әуе тасымалдаушышад батыста шығарылған 31 лайнер бар. Әуе кемелеріне жоспарлы қызмет көрсету өндіруші ұсынған әрбір әуе кемесінің түрі бойынша техникалық қызмет көрсету бағдарламаларына сәйкес орындалады.

«Эйр Астана» әуе компаниясының ұшу жарамдылығын сүйемелдеу және техникалық қызмет көрсету бойынша қауіпсіздік стандарттары сәйкестігін қамтамасыз ету жөніндегі аға менеджері Сергей Макаренко әуетасымалдаушы ұшақтармен байланысты соңғы оқиғаларды кездейсоқтық деп атады.

«Үш оқиға да кездейсоқтық. Бұл авиациялық техниканың істен шығуы. Қазіргі таңда ұшқыштардың бірде бір кемшілігі табылған жоқ. Тест жүргізілді, барлық борт бойынша ақаулы агрегаттар анықталды. Ұшақтарда агрегаттар ауыстырылды. Ұшақ пайдаланылуға жарамды деп танылды. Басқа да борттар бойынша осылай», - деді Макаренко.

Әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі аға менеджер Ярослав Толстовтың айтуынша, үш оқиға да қозғалтқыштардың әр түрі бойынша себептері бар.

«Үшінші оқиғада ұшақ базаға кері қайтарылды, борт МЭО талаптарына сәйкес шығарылды. Қазіргі таңда ұшақты пайдалануға болады. Бұл кемшілік ұшақты пайдалануға кедергі емес», - деді Толстов.

«Неге әуекомпания оқыс оқиғалардың себептерін жасырады» деген сауалға жауап бере келе Макаренко «Эйр Астана» әрбір оқиғаны тіркеп, БАҚ-қа жариялай алмайтынын айтып өтті.

«Ешқандай оқыс оқиғаны жасырмаймыз, оның барлығын ұшқыштар біздің департаментке баяндап отырады. Оралдағы ұшақ туралы хабарлама қайда пайда болғаны түсініксіз, масс-медиаға таралып кетті. Тікелей «Эйр Астанаға» хабарласу керек, біз толық қамтыған жауап береміз», - деп атап өтті Макаренко.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы 5 наурызда әуекомпанияның Алматы-Орал бағытына ұшып шыққан ұшағы апат белгісін беріп, экипаж шұғыл түрде Ақтөбе қаласына қонуға шешім қабылдады . Бірер күннен кейін Астана-Алматы бағытында қатынайтын КС877 әуе рейсі двигательдердің бірінің істен шығуына байланысты Алматыға кері оралған болатын. Ал 8 наурызда Алматы-Атырау әуерейсінің бортындағы жабдықта ақау пайда болған еді.

Соңғы жаңалықтар