«Эйр Астана» ұшақ оқиғасына қатысты комиссия шешімін обьективті емес деп бағалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» компаниясы авиациялық оқиғаға қатысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде құрылған комиссияның шығарған қорытындысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуе компаниясы экипаждың біліксіздігі туралы комиссия қорытындысын обьективті емес деп бағалап отыр.

«Эйр Астана» компаниясының корпоративті коммуникациялар департаменті таратқан ақпаратына сәйкес, комиссия әзірлеген есеп ИКАО конвенциясының авиациялық апаттарды зерттеу бойынша 13-қосымшасының талаптарына сәйкес келмейді.

«Зерттеу кезінде барлық факторлар назарға алынуы тиіс. Комиссия төтенше жағдай кезіндегі ұшу-қону жолының ахуалын қаперге алмаған. Әуежай экипажға КС 931 рейсі ұшар алдында жолақтың тежеу коэффициенті 0,5 екенін хабарлаған. Алайда шын мәнінде «Боинг» компаниясы жүргізген тексеру нәтижесінде бұл коэффициент анағұрлым төмен болғаны анықталды. Тәуелсіз талдау көрсеткендей Алматыда ауа райы да қолайлы болмаған.

Комиссия әуежайдың ұшу жолағын жиі тексеріп тұрмағанын, неліктен айтылған сан мен шын мәніндегі көрсеткіш сәйкес келмегенін түсіндіру туралы мәселені қаперге алмады.

ИКАО конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес мұндай талдаулар тек қана оқиға болған елдің өкілдерінің қатысуымен ғана емес сонымен қатар ұшақты өндіруші елдің мамандарының қатысуымен өтуі тиіс.

«Бұл зерттеу обьективті емес талдауға негізделіп жасалған», - деді әуе компаниясындағылар.

Айта кету керек, оқиға 9 желтоқсанда Алматы әуежайында болған еді.

«Эйр Астана» компаниясының Бангкокқа бағыт алған КС 931 рейсі әуежайда жолақ шетіне шығып кеткен болатын.

Ұшақ дөңгелектердің жер бетімен үйкеспеуінің кесірінен қозғалтқыштардың реверс күшімен жолақ сыртына шығып тоқтауға мәжбүр болды.

Кейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде құрылған комиссия авиациялық оқиғаға қатысты тексеру жұмысының қорытындысын жариялады.

Комиссия Боинг-767-300ER әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаны тергеу қорытындысы бойынша оқиғаның орын алуына экипаждың талапқа сай әрекет етпеуі себеп болғанын хабарлады.

Фото www.facebook.com/pg/airastana

Соңғы жаңалықтар