ЭЫДҰ сарапшылары елорданың халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне оң баға берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспарының шеңберінде Қазақстанды мониторингтеу бойынша ЭЫДҰ халықаралық сарапшыларына елорданың халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметі таныстырылды, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Астана қаласы бойынша ХҚКО Департаментінің директоры Мемлекеттік корпорация 546 мемлекеттік қызмет түрін немесе Тізілімдегі қызметтердің 77%-ын көрсететінін, оның ішінде азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша 257 қызметті алуға мүмкіншілік жасалғанын атап өтті.

Азаматтарға 445 мемлекеттік қызметті өз бетінше алуға мүмкіндік беретін «Сonnection point» секторының, бірыңғай электрондық кезек жүйесінің жұмысы айқын көрсетілді.

Сонымен бірге ЭЫДҰ өкілдері бірқатар мемлекеттік қызметтер бойынша «бір терезе» қағидатынан «бір өтініш» қағидатына өту бойынша пилоттық жобалармен танысты.

Өз кезегінде, Мемлекеттік қызмет істері бюросының басшысы Катерина Кардава халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету жұмысын жалпы оң бағалап, азаматтарға қызмет беру тәртібіне қызығушылық танытты.

Маман бір жерде автокөліктерді тіркеу және жүргізу куәліктерін алу бойынша мамандандырылған ХКҚО жұмысымен де танысты.

Кардава ханым мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы алу үшін жағдай жасауда Қазақстан айтарлықтай шаралар қабылдағанын және дамушы елдердің басым бөлігіне қарағанда сервистік мемлекет құруда елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтіп, бұл өз кезегінде тұрмыстық жемқорлықтың төмендеуіне оң ықпал ететінін тілге тиек етті.

Соңғы жаңалықтар