ЭЫДҰ елдері өкілдері 2017 жылдан бастап «Астана» қаржы орталығына визасыз келе алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің өкілдері 2017 жылдан бастап «Астана» халықаралық қаржы орталығына визасыз келе алады. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумы аясындағы Инвестициялық саммитте ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

«2018 жылдан бастап «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастайды. Мен іс жүргізуде, сот ісін жүргізуде ағылшын тілін қолдау арқылы ағылшын құқығы ұстанымдары мен нормаларымен жетекші әлемдік қаржы орталықтарының негізінде реттелетін орталық болатындығын айтқым келеді», - деді ол.

Осы орайда министр инвесторлар үшін жайлы ахуал жасау үшін Қазақстанның бір тараптан 19 басымдықты ел үшін визасыз режім енгізгендігін еске салып өтті. Олардың қатарында Австралия, Венгрия, Италия, Монако, Бельгия, Норвегия, Швеция, Малайзия, БАӘ, Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Финляндия, Франция, Швейцария және Жапония елдері бар.

«Біз ЭЫДҰ-ның Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болу үшін бұл ұйым командасымен жұмыс жүргізудеміз. 2017 жылдан бастап Астанадағы қаржы орталығына келу ЭЫДҰ-ның барлық елдері үшін визасыз режім негізінде болады. 2012 жылы ЭЫДҰ Қазақстандағы инвестициялық ахуалды қалай жақсартуға болатындығы жайында ұсыныстар берген болатын. Біз осал тұстың бар екендігін және оны қалай жою керектігін нақты білеміз. Қазақстан қазірдің өзінде мемлекеттік жеке-серіктестік, лицензиялар мен рұқсаттар, шетелдік жұмыс күшін тарту, зияткерлік меншік құқығын қорғау, жекешелендіру және басқа да салалардағы заңнамаларды жақсарту үшін шаралар қабылдады», - деді Ә.Исекешев.

Соңғы жаңалықтар