EXPO орталығында «Жаңа жыл Fest» жәрмеңкесі басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 17-19 желтоқсан күндері өтетін EXPO халықаралық көрме орталығында «Жаңа жыл Fest» жәрмеңкесі ашылды. Мерекелік шараны «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы елорда әкімдігінің қолдауымен өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәрмеңке үш күн бойы сағат 12:00-20:00 аралығында Мәңгілік Ел даңғылы 53/1 мекенжайында өтеді.

«Ең алдымен, «Жаңа жыл Fest» жәрмеңкесі – әлеуметтік жоба, өйткені, микро, шағын және орта бизнес өкілдерін, отандық қолөнершілерді қолдау мақсатында өткізіліп жатыр. Оған Астанадан бөлек, Алматы, Шымкент, Ақмола, Маңғыстау, Қызылорда, Өскемен, Қостанай, Көкшетаудан 200-ге жуық кәсіпкер келді. Осындай ауқымды шарада отандық өндірушілер мен қолөнер шеберлеріне баса мән берілді. Біздің компания 40-тан астам қолөнершіге қолдау көрсетіп, тегін орын берді», - дейді «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Гүлжан Сергебаева.

Жәрмеңкеде отандық ойыншықтар, жаңажылдық сыйлықтар, әшекейлер, тоқыма киімдер, түбіт орамалдар, тағамдар, киіз бұйымдары мен ат әбзелдері сатылып жатыр. Келушілер тауар алып қана қоймай, мереке қарсаңындағы демалыстарын қызықты өткізе алады.

Жәрмеңке аясында ұлттық компания мүгедектігі бар балаларға, жетім балаларға, көпбалалы отбасы балаларына тегін ертеңгілік ұйымдастырады. Онда Аяз ата, Ақшақар және мультфильм кейіпкерлері болады.

Оған қоса, балаларға киізден мерекелік шұлық жасау, слайм, білезіктер, шырша әшекейлері, ашықхаттар жасау бойынша шеберлік сағаттары, сән көрсетілімі, жаңажылдық фотоаймақтар мен тамақтану орындары ұйымдастырылған.

Сонымен бірге, жастарға арналған мәдениет және спорт фестивалі – Qogam Urban Festival өтіп жатыр. Ол Hip-Hop, Breaking, Freestyle, скейтбординг, футбол фристайлы, паркур сынды 12 бағытты қамтиды.

«Бұл – «QazExpoCongress» ұйымдастырған екінші жәрмеңке. Бұған дейін тамыз айында мектепке дайындық науқанын жүргізіп, барлық қажетті бұйымдар мен мектеп формасын, отандық өндірушілер мен ата-ананы бір алаңға жинаған едік. Бүгін де біздің отандық өндірушілер тауарларын жеңілдетілген бағада ұсынады. Қазіргі уақытта жәрмеңкені 8 мыңнан астам адам тамашалады», - дейді Гүлжан Сергебаева.


Соңғы жаңалықтар