Эво Моралес Боливияға қайтуға дайын екенін мәлімдеді

None
None
БУЭНОС-АЙРЕС. ҚазАқпарат – Боливияның экс-президенті Эво Моралес сәрсенбі күні елдегі саяси дағдарысты бейбіт жолмен шешуге шақырып, ол үшін қайтып баруға дайын екенін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ТАСС-қа сілтеме жасап.

«Егер менің қатысуым арқылы озбырлықты тоқтатып, адам өмірін сақтайтын бейбіт шешімге (дағдарысқа) үлес қоса алсам, мен оны сүйікті Боливиям үшін жасаймын», - деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.

Ол барлығын «қоғамдық қозғалыстар, азаматтық ұйымдар мен саяси партиялар қатысатын диалогқа» шақырды.

Еске сала кетейік, бұрынғы президент Моралес Боливияны тастап, Мексикадан саяси баспана тапқан болатын. Себебі оның өміріне қауіп төніп тұрған еді.

Моралес жексенбі күні президент сайлауының даулы нәтижелері бойынша бірнеше аптаға созылған наразылықтан кейін отставкаға кеткен болатын. Ол кетуге мәжбүр болғанын, мұны «елде енді қантөгіс болмас үшін» ерікті түрде жасағанын айтты. Елдің қарулы күші, оппозициясы мен кәсіподақтары оның отставкаға кетуін сұрады.

Кейін Боливия оппозициясының сенаторы Жанин Аньес өзін елдің уақытша президенті деп жариялады.

Моралес Аньестің уақытша президент болатыны туралы мәлімдемесін айыптап, Twitter-дегі ресми парақшасында «бұл - тарихтағы ең арам және абыройсыз төңкеріс» деп жазған болатын.

Соңғы жаңалықтар