Евгений Комаровский: Жабық нысанда міндетті түрде маска тағу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Танымал педиатр дәрігер Евгений Комаровскийдің айтуынша, әлеуметтік ара қашықтықты ұстау мүмкін емес жерде міндетті түрде маска тағу керек. Ол коронавирус індеті кезінде мектепте сабақ оқуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалар, әрине, мектепте оқуы керек. Әр сыныпта термометр мен гигрометр болуы тиіс. Ауа температурасы 18-20 градус, ал ылғалдылық мөлшері 60 болуы керек. Бұл Қазақстан Республикасының заңында бар. Сабақ уақыты 45 минут емес, 30 минут болуы қажет. Сыныпты жиі желдетіп тұру, мүмкіндік болса, екі ауысыммен оқу керек. Дене шынықтыру сабағы күнде және ашық аспан астында болуы тиіс», - дейді Комаровский.

Дәрігердің айтуынша, бір жылдан кейін әлдеқайда жеңіл болады және коронавирус дәрігерлер үшін қалай емдеу керек екені белгілі ауру түріне айналады.

«Біз түбі осыған келеміз. Жақсы көретін адамдарыңызды бағалаңыздар. Қазақстан тұрғындарына бұл сынақтан еңсені тік ұстап өтуді тілеймін және өздеріңізге «Мен ауырып қалмас үшін немесе ауру жеңіл өтуі үшін не істедім?« деген сұрақ қойыңыздар. Сонда бәрі түсінікті болады. Үйдің шаңын сүртіп, желдетіп, таза ауада көп болыңыздар», - дейді ол.

Ол қай мемлекет коронавируспен жақсы күресіп жатқаны туралы айту мүмкін емес екенін жеткізді.

«Бізде коронавирус туралы бірыңғай статистика жоқ. Алдымен бірыңғай статистиканы шығару керек. Көп жағдайда статистикаға саясат әсер етеді. Кейбір мемлекет ауырған жағдайларды көрсетеді, кейбірі көрсетпейді. Сақтандыру компаниялары қалай төлейтіні қатты ықпал етеді. Бұл фактінің де әсері бар. Статистиканың қорытындысы коронавирус жағдайы аяқталғанда ғана шығады. Мысалы, шартты түрде Швецияда 600 адам, ал Данияда 400 адам көз жұмғанын жазамыз. Осындай кезде әр мемлекеттің ерекшелігін ескеруіміз керек. Мысалы, Жаңа Зеландияда жағдай тәуір болған, бірақ шекараны ашқаннан кейін күрт нашарлап кетті. Бізге коронавируспен бірге өмір сүріп үйрену керек», - дейді дәрігер.


Соңғы жаңалықтар