ЕҰУ Журналистика факультеті америкалық профессормен бейнеконференция өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Оңтүстік Калифорния университетінің (USC) профессоры Генри Дженкинспен конференция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Генри Дженкинс – Оңтүстік Калифорния университетінің коммуникация және журналистика бойынша Анненберг мектебінің Провост профессоры. «Цифрлық дәуір: трансмедиалық технологияларды қолдану ерекшеліктері» атты конференция ZOOM платформасында ұйымдастырылған.

Университеттің Оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Оңғарбаев америкалық профессорға алғыс айтып, құрылғанына 25 жыл толған университет үшін халықаралық коллаборация әрдайым стратегиялық бағыт болып қалатынын жеткізді. Сонымен бірге, екі университет арасындағы ғылыми байланыстарды дамытуға, біріккен ғылыми жобалар әзірлеуге шақырды.

«Әлемдік QS рейтингінде 120-орында тұрған Оңтүстік Калифорния университеті – коммуникация мен медиа зерттеулер бойынша Американың үздік университеті. Осы университеттің Анненберг мектебі – бүкіл әлем танитын ғылыми орталық. Ал цифрлық технологиялар әр адамның, қоғам мен мемлекеттердің өмірін өзгертті, ғаламдық коммуникация экономикалық интеграцияны күшейтті. Менің «Ақпаратты жеткізудің медиааралық стратегиялары» авторлық курсыма қызығушылық өте жоғары, биыл бұл курсқа 25 магистрант жазылды. Бұл ақпарат дәуірінде трансмедиалық технологияларға сұраныстың өскенін көрсетеді», - деді конференцияны ұйымдастырушы, ЕҰУ профессоры Ұлбосын Есенбекова.


Конференцияда магистранттар Генри Дженкинстің ғылыми зерттеу бағыттарымен, америкалық медиаиндустриядағы конвергенция мен трансмедиалық сторителлингтің даму тенденцияларымен танысты.

«Менің зерттеу тобымда USC-дің 15 магистранты жұмыс істейді. Олар бірлесіп, трансмедиа мәдениетінің саяси әсерін зерттейді. Біздің жобалар АҚШ-тағы белсенді жастар туралы, миграция, адам құқығы, экологиялық мәселелер тақырыптарын қамтыды (...) Бүгінгі конференцияға шақырғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Мен екі ел арасында ғылыми байланыс орнату мүмкіндігін өте жақсы бағалаймын, Қазақстан ғалымдарымен кездесіп, танысқым келеді. Атлантада түн ортасы болса да, сіздермен сөйлесу мүмкіндігі қатты ұнады», - деді профессор Г. Дженкинс.


Сонымен бірге, конференцияға ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы және Назарбаев университетінің, ТМД елдерінің университеттерінің өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар