ЕҰУ профессоры: Алаш партиясының бағдарламасы мен ҚР Конституциясы сабақтас

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осыдан бір ғасыр бұрын қабылданған Алаш бағдарламасының жобасында - бүгінгі таңдағы конституциялық идеялардың, принциптердің болуы болашақ азаматтардың санасында тұрақты орнауы керек. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында өткен «ҚР-дағы Президент институты - тұрақты даму кепілі» атты ғылыми-практикалық конференция барысында мұндай пікірді университеттің Заң факультетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі - тұрақты даму. Цифрлы Қазақстан бағдарламасына, креативті жастардың мүмкіндіктеріне біршама мүмкіндік беріліп жатыр. Дегенмен, осы ретте бір мәселені айта кету керек: Президент институты туралы айтқан кезде есімізге АҚШ немесе Батыстың озық елдері түседі. Бірақ, біздің болашақ Қазақ елінің дамуы, идеологиясын нығайту бағытында өзіміздің Ұлт зиялыларының құқықтық идеяларына мән беруіміз керек», - дейді Жамаладен Ибрагимов

Профессордың айтуына қарағанда, жалпы қазақ қоғамында, қазақ жерінде Президент институты туралы ең алғаш Алаш зиялылары айтып кеткен.

«Алаш зияларының алғаш жасаған партиялық бағдарламасының бірінші пунктінде осы бағыт бекітілген. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кезінде мемлекеттің конституционализмнің дамуына баға берген кезде мынадай пікір білдіреді: «Қазақстанның 1937-1977 жылғы Конституцияларының мәніне қарағанда, 1917 жылы Алаш зиялылары қабылдаған бағдарламасының конституционалистік мағынасы өте жоғары» дейді. Елбасының өзі осындай баға бергеннен кейін Президент институты туралы сөз қозғаған кезде біз ең алдымен Алаш бағдарламасында ұстанымды айтуымызға болады», - дейді профессор.

Жәмәледдин Ибрагимов 1917 жылғы бағдарламада «Президент мемлекетті халық алдында, Мемлекеттік дума алдында есеп беретін, белгілі бір мерзімге сайланатын Президент басқару керек» делінген.

«Осы бағдарламалық идеяларға қарап отырсақ, бүгінгі таңда айтылып отырған мемлекетіміздің дамуының негізгі идеялары кездесіп отырады. Өте бір қызықты да керемет сабақтастық. Оның бірі, Алаш бағдарламасында мысалы заң шығарумен тек Мемлекеттік дума айналысу керек дейді. Біз білетіндей, 2017 жылы 10 наурызда біздің мемлекетіміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, содан кейін Конституцияда Парламент - заң шығарушы орган деп нақты айтылған болатын. Одан кейін қазір қоғамда тығыз талқыланып жатқан идеялардың бірі - үш тілділікке байланысты. Бүгінгі таңда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының айтқандай, өскелең ұрпақ ең алдымен өзінің тілін - мемлекеттік тілін меңгеріп алу керек. Содан кейін халықаралық аренадаға тілдерді білуі тиіс. Осы мәселе бойынша да, Алаш зиялылары бала «ең алдымен ана тілінде білім алуы керек» деп айтып кеткен», - дейді Жәмәледдин Ибрагимов.

Профессор атап өткендей, осыдан бір ғасыр бұрын қабылданған Алаш бағдарламасының жобасында - бүгінгі таңдағы конституциялық идеялардың, принциптердің болуы болашақ азаматтардың санасында тұрақты орнауы керек.

«Әрине, Президент институты - біздің мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесінің тұрақты діңгектерінің бірі. Ол институттың біздің қоғамға, біздің саяси-құқықтық жүйеге енгізілуі - оңай жолмен өткен жоқ», - дейді профессор.



Фото: www.enu.kz

Соңғы жаңалықтар