Eurovision Junior-2018: Данэлия Төлешованың алғашқы дайындық күні қалай өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Минскіде «Junior Eurovision» балалар байқауына дайындық қызу жүріп жатыр. Бүгінде қатысушылардың барлығы алғашқы дайындық күндерін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешованың әніне қойылымды белгілі ресейлік режиссер Алексей Голубев жасап жатыр.

«Неліктен мен Данэлиямен жұмыс жасауға кірістім? Өзімнің 6 балам бар. Балаларымның үлкендері музыка әлеміндегі жаңалықтарды қалт жібермейді. Бір күні балаларым Данэлияның «Украина дауысындағы» өнерін көрсетті. «Қандай ғажап қыз, түр десе түрі, талант десе таланты бар» деген ой келді. Мен қыздың Алматыдан келгенін білдім. Сосын біз онымен «BraVo» фестивалінде таныстық. Өзім де Алматыдан болғандықтан, ең алдымен, Қазақстанға бір пайдам тигеніне қуанамын. Алматыда тудым, елге келіп тұрамын. Мен «Бірінші арнаның» Жаңа жыл кешіне қатысты жоспарлаған жұмыстарымның бәрін сырып тастап, Данэлияны қолдауға Минскіге келдім», - деді режиссер Алексей Голубев.

Әншінің өзі дайындық кезінде көп шабыт алғанын айтты.

«Бүгін ерекше күн. Сахнаға шығып көрдім. Мүлде қобалжыған жоқпын. Киетін киімімді бекітіп, номерімді әлі де жетілдіру керек. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз»,- деді әнші.

Айта кету керек, жақында байқауға қатысатын конкурсанттар Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездескен болатын. Беларусь басшысы Данэлиядан Нұрсұлтан Назарбаевқа сәлем жолдады.



Еске салайық, «Junior Eurovision» халықаралық байқауының финалы 25 қараша күні өтеді. Оны «Хабар» арнасы сағат 21:00-де тікелей эфирден көрсетеді. Барлық өнерпаздардың өнерін тамашалаған соң қазылар алқасы дауыс беруге кіріседі. Олардың қатарында 3 ересек әнші мен 2 бала бар. Сонымен қатар дауыс беруге көрермендер де қатыса алады.

«Қазақстандықтар тек Данэлияға ғана емес, басқа да ұнаған конкурсанттарға дауыс бере алады. Көрермендерге бұл мүмкіндік 23-25 қараша арасында junioreurovisioin.tv сайтында беріледі. Халықаралық Junior Eurovision-2018 байқауы ересектерге арналған байқаудың баламасы. Биыл Қазақстан 14 жылда бірінші рет қатысқалы отыр», - деді «Хабар» телеарнасының баспасөз қызметінен.  

Соңғы жаңалықтар