«Eurovision-2019»: Тель-Авивте алғашқы финалистер анықталды

None
None
ТЕЛЬ-АВИВ. ҚазАқпарат - Тель-Авивте «Eurovision-2019» ән байқауының бірінші жартылай финалы аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА. Оның қорытындысы бойынша, 18 мамыр күнгі финалда өнер көрсететін он қатысушының есімі жарияланды. Олар қазылар алқасы мен көрерменнің дауыс беруі арқылы анықталды.

Байқаудың ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, финалға Греция (Катерина Дуска), Беларусь (Зена), Сербия (Невена Божович), Кипр (Тамта Гогуадзе), Эстония (Виктор Крон), Чехия ( «Лейк Малави» тобы), Аустралия (Кейт Миллер-Хайдке), Исландия («Хатари» тобы), Сан-Марино (Серхат) және Словениядан (Зала Краль мен Гашпер Шантль) келген әншілер өтті.

Израильде «Eurovision-2019» байқауы басталғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. «Хабар» телеарнасы конкурсты тікелей эфирде көрсетеді. "Көрермендер мамырдың 14-інен 15-іне қараған түні және 16-нан 17-іне қараған түні сағат 01:00-де - жартылай финалды, ал мамырдың 18-інен 19-ына қараған түні сағат 01:00-де Гранд-финалды тамашалай алады", - делінген ақпаратта.

Осымен 64 рет ұйымдастырылып отырған шараға 41 мемлекет қатысуда. 2000 жылдан бастап 5 мемлекеттің (Франция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбритания) және сайыс өтетін елдің (осы жылы Израиль) қатысушылары гранд-финалға автоматты түрде өтеді.

Израиль бұған дейін екі рет (1979 және 1999 жылдары) Eurovision байқауын өткізген болатын.

Байқау алғаш рет 1956 жылы ұйымдастырылды, оған 7 ел қатысты. Жеңіс саны бойынша Ирландия (7 жеңіс) - бірінші орынды, Швеция (6 жеңіс) - екінші орынды, Люксембург, Франция және Ұлыбритания (әрқайсысы 5 жеңістен) үшінші орынды иеленіп отыр.

Соңғы жаңалықтар