Еуропарламент төрағасы Давид Сассоли қайтыс болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропарламент төрағасы Давид Сассоли 11 қаңтар күні 65 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews ақпарат агенттігіне сілтеме жасап

Бұл туралы оның хатшысы Роберто Куилло Twitter-дегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Сассоли Фриули-Венеция-Джулия өңіріндегі Авиано қаласындағы ауруханада көз жұмған.

26 желтоқсанда саясаткер иммундық жүйесінің дисфункциясынан туындаған күрделі асқынуға байланысты ауруханаға жатқызылды. Бұған дейін, 2021 жылдың қыркүйегінде ол пневмониямен Старсбургтегі ауруханада жатты.
Сассоли бұрын кәсіби журналист болды. Ол бірнеше жыл бойы Rai мемлекеттік арнасында жаңалықтар жүргізушісі болып қызмет атқарды.
2009 жылы Сассоли Демократиялық партия тізімі бойынша Еуропа парламентіне сайланды. 2019 жылдың 3 шілдесінде Еуропарламент төрағасы болып сайланған. Оның мандатының мерзімі биылғы жылдың қаңтарында аяқталуы тиіс. Бір ай бұрын Сассоли «еуропалық басым көпшілікті бөлмес үшін» Еуропарламент спикерлігіне өз кандидатурасын ұсынбайтынын жариялады.
Сассоли Антонио Таяниден (2017-2019) кейін ЕП спикері қызметін атқарған екінші итальян.


Соңғы жаңалықтар