Еуропарламент депутаты: Жолдаудағы басты мәселе - халықтың әл-ауқатын арттыру

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еуропа парламентінің (ЕП) депутаты, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі ЕП делегациясының басшысы Ивета Григуле-Петерс ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын аттыру» атты Жолдауына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

«Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен таныстым. Еуропада біз үнемі адам бәрінен артық, адамдарға инветиция салу қажет, сонда ғана Еуропа одағындағы мемлекеттердің дамуын күтуге болады дегенді айтамыз. Президент Н.Назарбаев мемлекетті дамытудың маңызды бағыттарын нақты көрсете отырып, басты назар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиістігін, өйтпеген жағдайда азаматтар сапалы медициналық көмекке, білімге қол жеткізе алмайтынын, өз отбасын асырай алмайтынын атап көрсетті», - дейді И. Григуле-Петерс.

Оның айтуынша, әрбір қазақстандық көзделген реформалардың мәнін түсінуі қажет.

«Жұмыс істеу, инновациялық жолдарды іздеу, шағын және орта бизнесті дамыту қажет, қоғам ортақ мақсат төңірегіне бірігуі тиіс», - деді ол.

Латвиялық Еуропарламент депутаты Жолдаудағы тапсырмаларды орындауға, әсіресе инвестициялар тарту мәселесінде қатаң бақылау жүргізілетініне үміт артатынын жеткізді.  Пікірінше, шетелдік инвесторларға жете көңіл бөлмеушілік жағдайлары кездеседі.

«Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін де қозғады. Сыбайлас жемқорлық - өзекті проблема. Мемлекеттік аппаратты қысқартудың маңызы зор. Ол (мемлекеттік аппарат) үлкен болса, реформаларды тежейді», - дейді И. Григуле-Петерс.

Саясаткер Қазақстанның ғылым-білім және денсаулық салаларына құятын қаржы көлемін арттыру жоспарын құптады.

«Латвияда да осындай мәселе бар. Медбикелердің, оқытушылардың, әлеуметтік жұмысшылардың жалақысы аз. Қазақстан экономикасының өсуі әлеуметтік шығындар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді спикер.

И. Григуле-Петерс сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын реформалауға да тілектестік білдірді. Бұл ретте ол Қазақстан тарапына Алаяқтықпен күрес жөніндегі еуропалық бюроның тәжірибесін үйренуді ұсынды.

«Латвияда да, басқа елдерде де полицияда және сот жүйесінде реформалар жүргізілген. Қазір жағдай жақсара бастады. 5-7 жыл бұрын ғана жолда ереже бұзғандар сол жерде-ақ полициямен «келісіп кете» алар еді. Қазір бәрі де өзгерген», - деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар