Еуропарламент Армениямен келісімді мақұлдады

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні Страсбургте өткен пленарлық сессияда Еуропалық парламент Армения мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген және толық қамтылатын ынтымақтастық туралы келісімді мақұлдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Бұл резолюцияны ЕП 573 депутаты қолдаса, 50 парламентарий қарсы дауыс берді және 40 депутат дауыс беруден бас тартты.

Кеңейтілген және толық қамтылатын ынтымақтастық туралы келісім бойынша келіссөздер 2015 жылы басталып, 2017 жылы аяқталған еді. Тараптар былтыр қарашада құжатқа қол қойды.

Келісім Еуропалық Одақ пен Армения арасындағы терең саяси диалогты, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді және энергетика, көлік, экология, сауда, білім беру және басқа салалардағы серіктестікке жаңа серпін береді.

Еуропарламенттің депутаттары Арменияны сайлау өткізуде, сот билігінің тәуелсіздігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске, ақшаны жылыстатуға, салық төлеуден жалтаруға және олигархиялық бақылауды теріс пайдалануға және БАҚ бостандығына қарсы күресте айтарлықтай озықтыққа қол жеткізуге шақыруда.

Осы маңызды реформаларды тиімді жүзеге асыру - ынтымақтастықтың одан әрі перспективаларын, соның ішінде визалық режимді ырықтандыру бойынша диалогты бастауға мүмкіндік береді, деп атап өтті Еуропарламентте.

Айта кетейік, Армения 2013 жылдың қарашасында ЕО-мен қауымдастық және еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қоюы керек болған. Алайда, келісімді рәсімдеуге екі ай қалғанда Ереван Кеден одағына кіруге және еуразиялық интеграцияға қатысуға ниетті екендігін мәлім етті. Армения Еуразиялық экономикалық одаққа 2015 жылдың қаңтарынан қосылды. 

Соңғы жаңалықтар