Еуропаның Қайта құру және даму банкі Алматы көшелерін жарықтандыру жүйесін жаңғыртуды қаржыландырмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімов Еуропаның Қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартиді қабылдады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында қала әкімі, ЕҚДБ басшысы және «Алматы қала жарық» компаниясының директоры Бауыржан Ибраев «Алматы қаласының көшелерін жарықтандыруды жаңғырту» жобасы бойынша жалпы сомасы 34 млн. АҚШ доллары болатын несиелік келісімге қол қойды. Жаңа тиімді әдіс жүзеге асса, көшені жарықтандыру мен электр энергиясын пайдалану 30%-ға үнемделетін болады. Көшені жарықтандыру ісіне тұтынылатын энергияның 25 пайызы жұмсалатынын ескерсек, бұл Алматы қаласының экологиялық жағдайы мен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Ахметжан Есімов Алматы мен ЕҚДБ-ның 2009 жылдан бастап бірлесіп жұмыс істеп келе жатқандығын, соның арқасында көлік саласында жалпы құны 120 млн. АҚШ доллары болатын 4 жобаның жүзеге асқандығын жеткізді. «Бүгін ЕҚДБ-мен келісімге қол қойылған соң «Көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту» жобасы бастау алатын болады. Бұл Қазақстанның «Жасыл экономика» стратегиясына сәйкес келеді. Аталған жобаны жүзеге асыру барысында қаламыздың көшелерін жарықтандыру жүйесіне инновациялық-энергиялық тиімді технология енгізілетін болады», - деді Ахметжан Есімов. Қала басшысы бірігіп жұмыс істеу арқасында Алматының көптеген қала шаруашылығы саласында маңызды әлеуеттердің қалыптасқандығын, бүгінгі таңда ЖРК желісін, тұрмыстық қатқыл қалдықтарды өңдейтін полигонды салу, қоғамдық көлікте электронды билет беру жүйесін енгізу сияқты ірі жобалардың қолға алынғанын айтты. Өз кезегінде ЕҚДБ басшысы Сума Чакрабарти мырза Алматымен іскерлік байланысты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді. «ЕҚДБ Алматы қаласының көшелерін жарықтандыру үшін қазіргі заманғы энергиялық жағынан тиімді қондырғыларды орнату жобасын жүзеге асыруға ынталы. Бұл жоба қалаға энергияны айтарлықтай үнемдуге қол жеткізеді. Біз қазірдің өзінде тығыздалған табиғи газбен жүретін 400 экологиялық таза автобус пен 200 троллейбус сатып алуды қаржыландырып қойдық», - деді Сума Чакрабарти.

Соңғы жаңалықтар