Еуропаның бір топ жиһангезі Қазақстанның киелі орындарын аралап шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропа елдеріндегі Қазақстанның достары атанған бір топ жиһангез «Ұлы дала елінде» атты экспедиция құрамында Қазақстанның киелі жерлерін аралап шықты. Жиһангездер 4 мың шақырым жерді басып өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапарды Қазақстан мен Австрия елшіліктері, Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырған.

Қазақстанның еуропалық достары Қазақстанның қасиетті жерлерін – Ұлытау, Қарқаралы, Шыңғыстау, Алакөл, Алтын Емел мен Балқаш өңірлерін көріп шықты. Экспедицияға Қазақстанның белгілі жиһангезі, Қазақ географиялық қоғамының мүшесі, Қазақстанның 100 жаңа есіміне енген Мағжан Сағымбаев жетекшілік еткен.

«Біз 14 күннің ішінде 4 мың шақырым жолды, бірнеше облысты басып өттік. Атап айтқанда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында болдық. Ұлытауда жүргенімізде экспедициямызға ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы елшісі Джордж Сабо мен Швейцария елшісі О. Смит қосылды. Жошы хан мен Алаша ханның, Домбауылдың кесенесін аралап, Қарқаралы ұлттық паркінде де болдық. Шайтанкөл достарымызға қатты ұнады. Осыдан кейін Абай ауданында Жидебайдағы Абай музейін тамашаладық. Жидебайда ЕЫҚҰ Парламент Ассамблеясының бұрынғы президенті Кристин Муттонен Абайдың «Жаз» өлеңін неміс тілінде оқып, ұлы ақынның 175 жылдығына орай басталған челленджге үн қосты», - деді Мағжан Сағымбаев.

Оның айтуынша, автриялық қонақтар Герольд Бельгер аударған Абайдың «Жаз» өлеңінің көшірмесін Абай музейіне тапсырып, қазақтың ұлы ақынының рухына құрмет көрсеткен.

«Абай ауданынан кейін Алакөлге, одан ары Алтын Емелдегі тауларға шықтық. Бесшатыр қорғанында болып, Ошақтасқа да жолымыз түсті. Ары Алматыны айналып, Нұр-Сұлтанға келдік. Осы 14 күннің ішінде Елбасы жазған «Ұлы даланың жеті қырын», ұлы даланың қасиетін сезіндік. Меймандарды ұлттық дәстүрімізбен, туристік әлеуетпен таныстырдық. Менің ойымша, экспедиция сәтті өтті», - деді Мағжан Сағымбаев.

Делегация құрамында шетелдік туристермен бірге Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Сарыбай, Парламент депутаты Сапар Ахметов, Қазақстанның Баден-Вюртемберг жеріндегі Құрметті консулы Доротея Халлер-Ляйбле мен жары Юрген Ляйбле, Автрия-Қазақстан қоғамының президенті, ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының бұрынғы президенті Кристин Муттонен және оның жары Пекка Муттонен болды.


Еске сала кетсек, аталмыш экспедицияға жетекшілік еткен Мағжан Сағымбаев осыдан төрт жыл бұрын жер шарын велосипедпен аралап шыққан болатын.



Соңғы жаңалықтар