Еуропаның азаматтық авиация саласы дағдарысқа ұшырап жатыр

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропаның азаматтық авиация саласы дағдарысқа ұшырап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.

Бүгінде Еуропа әуежайлары ұшу квоталарын енгізген. Сондай-ақ, авиакомпаниялар кестелерді қысқартып, рейстерді тоқтатып, билет құнын қымбаттатқан. Бұл – компаниялардың пайда табу үшін емес, керісінше билеттерді аз сату үмітімен жасап жатқан қадамы.

Еуропада болып жатқан дағдарыстың себебі – демалыс маусымында ұшақ билеттеріне деген сұраныстың шамадан тыс артуы. Тиісінше көп көлемдегі туристерге қызмет көрсету үшін жұмыс күші жетіспей жатыр.

Бұған дейін болған карантиндік шектеулер кезінде авиакомпаниялар көптеген қызметкерлерін жұмыстан қысқартқан. Еңбеккерлердің енді бір бөлігі індет жұқтырып, ем алып жатыр. Сондай-ақ, жалақыны көтеруді талап етіп, жұмысқа шықпай отырған компания персоналдары да аз емес. Мұндай дағдарыс тек авиакомпанияларда ғана емес, сонымен қатар әуежай және теміржол саласында да орын алды.

Сондықтан, қазір қызметкерлер барынша кеңейтілген кестеде жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, кез келген кішігірім келеңсіздік мол шығынға алып келуі мүмкін. Атап айтқанда, компьютерлік жүйедегі қандай да бір ақау – Еуропа әуежайларының жұмысын құрдымға кетіреді. Жұмыс күшінің жетіспеушілігін шешу үшін кейбір елдердің билігі иммиграциялық ережелерді жеңілдетуге кірісті. Ал, Ирландия егер Дублин әуежайында кадр жетіспесе, әскер тартуға уәде берді.

Әуежайлар шектеу квоталарын енгізді

Еуропада әуерейстерінің кешігуі мен тоқтатылуы көбейген. Мәселен, Official Aviation Guide дерегі бойынша, Лондондағы Хитроу әуежайында кешіктірілген рейстер саны 2019 жылмен салыстырғанда 78 пайызға өскен.

Авиакомпаниялар рейстерді алдын ала тоқтатып жатыр

Авиакомпаниялар жаз маусымына арналған рейс кестелерін қысқартып тастап отыр. Енді алынып тасталған рейстердің жолаушылары демалыстарын үйде өткізеді. Олар қонақ үй, жалға алған көлік және балалар лагерлеріне жұмсалған ақшаларын өндіріп ала алмайды.

Мәселе бұдан да шиеленісе түсуі мүмкін

Жаз мезгілінің басынан Испания, Италия, Франция, Бельгия және Португалиядағы «Ryanair» компаниясының бортсеріктері, «Brussels Airlines» авиакомпаниясының ұшқыштары және франциялық Шарль-де-Голль жерден бақылау қызметтерінің жұмысскерлері ереуілге шықты. Олар жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп отыр. Дегенмен, аталған компаниялар бұдан шығынға бата қойған жоқ. Мәселен, ереуілдер нәтижесінде «Ryanair» шамамен 2 пайыз, «Air France» 10 пайызға жетпейтін рейстерін жоғалтқан.

Бірақ, скандинавиялық «SAS» әуе компаниясы 10 күнге жалғасқан қызметкерлер ереуілінен кейін рейстердің жартысынан көбін алып тастады. Компания нарықта қалу үшін шығындарын қысқартып жатыр. Дегенмен, басшылық қабылдаған мұндай шешімге кәсіподақ мүшелері наразы.

Десек те, соңғы кездері ереуілдердің біршама бөлігі тұрақталған. Дәлірек айтқанда, «Norwegian Air» ұшқыштардың, «British Airways» тіркеу бөлімінің қызметкерлерін және Шарль-де-Голльдағы өрт сөндіру және жердегі бақылау қызметі жұмыскерлерінің саны қысқартылмайтын болды. Аталған компания басшылықтары өз еңбеккерлерін ұстап қалу үшін олардың талаптарын орындау шешімін қабылдапты.

Бұл дағдарысқа қатысты Халықаралық әуе транспорты қауымдастығының (IATA) басшысы Уилли Уолш пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл – алғашқы дағдарыс емес. Сондай-ақ, Уилли Уолш алдағы уақытта осы жағдайлардан сабақ алып, қорытынды шығаратынын жеткізді.


Фото: reuters.com

Соңғы жаңалықтар