Еуропаның 11 елі Атырау экономикасына инвестиция салуға қызығушылық танытты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Еуродақтың 11 елі Атырау экономикасына инвестиция салуға қызығушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысына Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас пен 11 елдің елшісі келді. Оның ішінде Хорватия, Болгария, Португалия, Нидерланды Корольдігі, Эстония, Бельгия, Германия, Словакия, Франция, Испания, Австрия елдерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшілері, Франция елшілігінің экономика мәселелері жөніндегі атташесі бар.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Атырау облысының Еуроодақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 14,4 млрд АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт – 14,1 млрд АҚШ доллары, ал, импорттың үлесі – 269,02 млн АҚШ доллары.

«Еуропалық одақ – еліміздің басты экономикалық әрі сауда серіктестерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысында ауыл шаруашылығы, балық

шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру саласын дамыту жөнінде берген тапсырмасына сәйкес Еуродақ елдерімен тығыз байланыс орнатуға, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Өңірдегі арнайы экономикалық аймақта инвесторларға қолайлы жағдай жасалды. Болашақта полиэтилен және бутадиен өндірісін өркендету жоспары бар», -деді Серік Шәпкенов.

Еуропалық Одақ пен 11 елдің елшілері Атырау облысындағы көлік-логистика саласын жаңғыртуға, өнеркәсіптік инфрақұрылым мен жасыл экономиканы дамытуға инвестиция салуға қызығушылық танытты.

«Атырау облысына алғашқы сапарымда Азия мен Еуропаны жалғайтын көпірді көруге асықпын. Бұл өңірдегі сауда айналымының артуы, көптеген компаниялардың Қазақстан нарығында келісімшарт жасасып, соның аясында белсенді жұмыс істеуі – екіжақты

қарым-қатынастың жақсы дамығанының жемісі. Еуропалық Одаққа мүше елдердің бәрі Қазақстанның ең ірі инвестициялық серіктесіне айналып отыр. Одақ елдері осы өңірге де озық технологияларды әкеліп, инвестиция салуға дайын», -деді Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Мажар инвесторы Атырауда күннен энергия алу жобасын ұсынғанын жазған едік.


Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар