Еуропалықтар 2035 жылға қарай электромобильге көшеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропалық Одақ өз өңірінде көліктің атмосфераға парниктік әсер тудыратын газдарды шығармауы керек екеніне сенімді. Сондықтан сәрсенбі күні ұйымға мүше елдер 2035 жылға қарай бензинмен немесе дизельдік отынмен жүретін жаңа көліктерді сатуды тоқтатуға келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Оларды 13 жылдан кейін электромобильдермен алмастыру жоспарланып отыр.

Ел азаматтары бұған оң пікір білдірді, бірақ кей пікірлерде біршама күмән да бар.

«Бұл қисынды шешім. Бірақ мен электромобиль мен электр энергиясы әлдеқайда арзан болуы керек деп санаймын. Егер олар бағаны түсіріп, сыйымдырақ және жеңілірек аккумуляторларды ойлап тауып, зарядтау нүктелерін барлық жүргізушілер үшін қолжетімді ете алса, бұл қисынды шешім болуы керек», - дейді көлік әуесқойларының бірі.

«Менің ойымша, бұл ешқашан дұрыс жұмыс істемейді. Кәдімгі моторы бар менің көлігіме қараңыз. Біз онымен 3000 миль жүрдік және жанармайды аз құйдық. Ал электр энергиясын өндіру үшін электр станциялары әлі де қазба отынмен қамтамасыз етілуі керек. Сіз жай ғана мәселені басқа жерге жылжытасыз. Ластану әлі де болады», – дейді тағы бір жүргізуші.

Еуропарламенттегі «Жасылдар» фракциясы іштен жанатын қозғалтқыштарды шығарудың алдағы кезеңін құптады. Германия депутаты мұны 5 жыл бұрын жасау керек еді деп есептейді.

Еуропалық Одаққа мүше елдер қоршаған ортаны қорғау пакетінің басқа да негізгі элементтері бойынша келісті. Алайда олар Брюссельдің бастапқы ұсынысын жұмсартатын бірқатар ерекшеліктер мен түзетулерді қабылдады. Енді еуропалық үш билік институты – Парламент, Кеңес және Комиссия арасында ғаламшардағы климаттың өзгеруіне жол бермеуге арналған осы келісімді бекіту үшін қатаң келіссөздер өтетіні күтіліп отыр.


Соңғы жаңалықтар