Еуропалық велосаяхатшылар Астанаға келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға арнайы ат басын бұрған халықаралық «Санкт-Петербург-Владивосток» велошеруінің қатысушылары өз әсерлерімен бөлісті, -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

22 әуесқой саяхатшыдан тұратын велошеру 10 маусымда Санкт-Петербургте басталды, велосаяхатшылардың ішінде Швейцария, Германия және Австриядан қатысушылар бар.

«Біз ұзындығы 3300 шақырымды құрайтын жолды жүріп өттік және алған әсеріміз мол. Қазақстан бізді ерекше табиғатымен және жылы жүзді адамдарымен қарсы алды. Тағы бір айта кетерлігі - Қазақстанның жолдарының қолайлылығы. Қазақстанда 5 күндей болып, одан әрі Новосібір, Иркутск, Владивостокқа бет аламыз», -деді «Санкт-Петербург-Владивосток» велошеруін ұйымдастырушы компанияның директоры Марсель Изели.

Велошерушілер 3 айдың ішінде Ресей мен Қазақстан территориясының 10 мың шақырымын жүріп өтеміз деп жоспарлап отыр.

Маршруттың қазақстандық бөлігі Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарының аумақтарын қамтып, барлығы 1500 шақырым қашықтықты құрайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2 шілдеде еуропалық велосаяхатшылар Қостанай облысының Ресеймен түйісетін шекарасынан өтіп, 7 күн ішінде Астанаға жетті.

«Мені Қазақстанда таң қалдырғаны - шексіз жазық дала, ал Астанаға келсек, өркениеттің бір бөлігін жазық даланың ортасына әкеліп қойғандай әсерде болдым. Астанада бір-біріне ұқсамайтын ерекше ғимараттар кешені орналасқан, маған бәрінен қатты ұнағаны - «Бәйтерек» монументі», -деді «Санкт-Петербург-Владивосток» велошеруінің ең қартаң қатысушысы 75 жастағы Вальтер Гланцман. 

Велошеру қатысушылары Қазақстанда 5 күн болып, одан әрі Ресей территориясында саяхатын жалғастырады. Саяхатты 8-9 қыркүйекте Владивостокта өтетін Шығыс экономикалық форумы қарсаңында аяқтау жоспарланған.

 

Соңғы жаңалықтар